32 магнит жұтып қойған: Алматы облысында ағайынды екі балаға шұғыл ота жасалды

0
106

4 жасар бүлдіршіннің асқазаны мен аш ішегінен 29 магнит шығарылған.


32 магнит жұтып қойған: Алматы облысында ағайынды екі балаға шұғыл ота жасалды

фото: Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы

ERNUR.KZ. Алматы облыстық балалар ауруханасында магнит жұтып қойған 7 және 4 жасар ағайынды балаларға сәтті ота жасалды, деп жазады sputnik.kz.
Балалар ауруханаға мазасызданып, іштері үздіксіз ауырған соң жеткізілген. Тексеру кезінде олардың асқазан-ішек жолдарынан бірнеше магнит анықталған. Ота шұғыл түрде жасалды.
Бөгде зат 4 жасар бүлдіршіннің асқазаны мен аш ішегінің әртүрлі бөлігіне түсіп кеткен екен.
"Магниттер бір-бірінен алшақ жатса да, бір-біріне тартылып, ішекті қысып тұрған. Білікті мамандар баланың асқазанынан 15 магнит алып шықты. Қалған 14 магнит аш ішектен табылды", - дейді дәрігерлер.
Сонымен қатар, дәрігерлер ота кезінде баланың ішегінде туабітті кішкентай қалта тәрізді өсіндіні, яғни "Меккель дивертикулын" да алып тастаған.
Осылайша, бүлдіршіннің ағзасынан барлығы 29 магнит шығарылды. Ал үлкен баланың тоқ ішегінен бір-біріне жабысып қалған үш магнит табылды. Дәрігерлер лапароскопиялық ота жасап, арнайы хирургиялық әдіспен магниттерді соқыр ішек тұсына жылжытып, сол жерден алып шықты.
"Бұл тәсілдің негізгі артықшылығы – ішекті тікелей кесіп ашпай-ақ бөгде заттарды алып шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол операциялық тілік көлемін азайтып, ішекке қосымша зақым келтіру қаупін төмендетуге және операциядан кейінгі қалпына келу кезеңін жеңілдетуге бағытталған", - дейді мамандар.
Облыстық балалар клиникалық ауруханасының хирургі Асқар Қаназовтың айтуынша, балалар магниттерді үйде ойнап жүріп абайсызда жұтып қойған. Қайта ата-анасы дер кезінде жедел жәрдем шақырып, медициналық көмекке жүгінген.
Балалар магниттерді жұтқаннан кейін шамамен 5 сағат өткен соң ауруханаға түскен.
Бүгінде балалар жазылып, 9 күннен кейін үйлеріне шығарылды.
Дәрігерлердің бала магнит жұтып қойғанына күдік болса, ешқандай белгі байқалмаса да, дереу медициналық көмекке жүгіну қажеттігін ескертті.