Ауыл жастарына басымдық беру, цифрлық платформаларды дамыту және жастар кәсіпкерлігін қолдау еңбек нарығының жаңа моделін қалыптастыруға ықпал етуде.
Қазақстанның экономикалық болашағы бүгінгі жастардың еңбек нарығындағы орнына тікелей байланысты. Себебі жұмысқа орналасқан жас – тек табыс тауып жүрген азамат емес. Ол – салық төлеуші, кәсіби маман, болашақ кәсіпкер және ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуына үлес қосатын адами капитал.
Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштер Қазақстанда жастарды жұмыспен қамту бағытында оң өзгерістер бар екенін аңғартады. Жұмысқа орналасқан жастар саны өсіп, тұрақты жұмыс орындарының үлесі артқан. Сонымен бірге жастар арасындағы жұмыссыздық пен NEET санатындағы азаматтардың үлесі төмендеу үрдісін көрсетті.
63 мыңнан астам жас жұмысқа орналасты
2026 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда 15–34 жас аралығындағы 63,2 мың жас жұмысқа орналасты.
Олардың ішінде 40,1 мыңы немесе 63,4 пайызы тұрақты жұмыс орындарына қабылданса, 23,1 мыңы немесе 36,6 пайызы субсидияланатын уақытша жұмыс орындарымен қамтылды.
Бұл жерде ең маңызды көрсеткіш – жастардың басым бөлігінің тұрақты жұмысқа орналасуы. Себебі жұмыспен қамту саясатының тиімділігі тек жұмыс тапқан адамдар санымен өлшенбеуі тиіс. Тұрақты еңбек – ресми табыс, әлеуметтік кепілдік, зейнетақы жарнасы және кәсіби тәжірибе.
Демек, 2026 жылдың алғашқы алты айындағы нәтижелер жастарды уақытша жұмыспен қамтудан гөрі олардың еңбек нарығында тұрақты орнын қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді.
Жұмыссыздық 2,9 пайызға дейін төмендеді
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2026 жылдың бірінші жартысында 2,9 пайызға дейін төмендеді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 3 пайыз болған.
Бұл көрсеткіш Қазақстандағы жалпы жұмыссыздық деңгейінен – 4,5 пайыздан төмен.
Жастар еңбек нарығындағы ең құбылмалы топтардың бірі. Олардың арасында оқуын жаңа аяқтағандар, тәжірибесі жоқ түлектер және мамандығына сәйкес жұмыс таба алмай жүрген азаматтар көп.
Сондықтан жұмыссыздықтың төмендеуі жастардың еңбек нарығына кіру мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын білдіреді.
Сонымен қатар оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастардың, яғни NEET санатындағы жастардың үлесі 5,8 пайыздан 5,7 пайызға дейін төмендеді.
Өзгеріс аса үлкен болып көрінбегенімен, бұл көрсеткіштің маңызы зор. Себебі ұзақ уақыт бойы еңбек пен білім беру жүйесінен тыс қалған жастар әлеуметтік тұрғыдан ең осал топтардың біріне айналуы мүмкін.
Ауыл жастарына ерекше назар
2026 жылғы жұмыспен қамту саясатының басты ерекшеліктерінің бірі – ауыл жастарын қамтуға басымдық берілуі.
Белсенді жұмыспен қамту шараларымен қамтылған 85,7 мың адамның 50 мыңы ауыл жастары болды.
Бұл көрсеткіш еңбек нарығындағы аймақтық теңсіздікті азайтуға бағытталған саясаттың күшейіп келе жатқанын аңғартады.
Қазақстандағы жұмыс орындарының көп бөлігі ірі қалаларда шоғырланған. Осы себепті ауыл жастарының басым бөлігі жұмыс іздеп мегаполистерге көшеді. Бұл өз кезегінде қалалардағы тұрғын үй, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіреді.
Сондықтан жастарды туған өңірінде жұмыспен қамту – тек әлеуметтік емес, экономикалық және демографиялық мәселе.
Цифрлық платформалар еңбек нарығын өзгертуде
Жастарды жұмыспен қамтуда цифрлық технологиялардың рөлі де күшейіп келеді.
Skills Enbek платформасы арқылы жастар жаңа дағдылар мен мамандықтарды онлайн меңгере алады. Ал алынған сертификаттардың Электрондық еңбек биржасында көрінуі жұмыс іздеуші мен жұмыс берушінің байланысын жеңілдетеді.
Ал Mansap Compasy платформасы жастарға мамандық таңдауға, кәсіби бағдарын анықтауға, гранттар мен тағылымдамалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Әсіресе бұл ауылдық жерлердегі жастар үшін маңызды. Цифрлық платформалар ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтіп, орналасқан жеріне қарамастан кәсіби мүмкіндік іздеуге жағдай жасайды.
Алайда цифрлық оқытудың тиімділігі платформаны пайдаланушылар санымен емес, сол білімнен кейін нақты жұмысқа орналасқан жастардың үлесімен өлшенуі тиіс.
Жастарды жұмыспен қамтудың тағы бір бағыты – кәсіпкерлікті дамыту.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында 2026 жылдың бірінші жартысында 9 036 жас оқытылып, 5 062-сі сертификат алды.
Бұл жастардың жеке кәсіп ашуға деген қызығушылығы бар екенін көрсетеді. Бірақ кәсіпкерлікке оқыту – нәтиженің соңғы кезеңі емес, бастамасы ғана.
Негізгі мәселе – оқудан кейін қанша жас өз ісін бастайды және олардың бизнесі қаншалықты тұрақты болады?
Сондықтан жастар кәсіпкерлігін дамыту оқытумен ғана шектелмей, қаржыландыру, тәжірибелі мамандардың қолдауы және өнімді нарыққа шығару мүмкіндігімен жалғасуы қажет.
Өңірлердегі нәтиже қандай?
2026 жылдың бірінші жартысында жастарды жұмыспен қамту бойынша бірнеше өңір ерекше көрсеткішке қол жеткізді.
Түркістан облысында жастар арасындағы жұмыссыздық 1,9 пайызға дейін төмендеді. Сонымен бірге «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы 4 291 жас қамтылды. Халық саны мен жастар үлесі жоғары өңір үшін бұл маңызды нәтиже.
Алматы қаласында 14,3 мың жас жұмысқа орналасты, оның ішінде 10,6 мыңы тұрақты жұмысқа қабылданды. NEET санатындағы жастар үлесі 4,9 пайызға дейін төмендеді. Бұл мегаполистің еңбек нарығы жастарды экономикалық айналымға жылдам тартуға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Ал Жетісу облысында жастар арасындағы жұмыссыздық 2,3 пайыз деңгейінде сақталды. Өңірде өткізілген 85 бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде 436 жас тұрақты жұмысқа орналасты.
Бұл мысалдар әр өңірдің жастарды жұмыспен қамтуда өзіндік моделін қалыптастырып отырғанын көрсетеді.
Басты мақсат – жұмыс санын емес, оның сапасын арттыру
2026 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштер Қазақстанда жастарды жұмыспен қамту бағытында оң динамика бар екенін көрсетеді.
Алайда алдағы кезеңде негізгі мақсат тек жұмысқа орналасқан жастардың санын көбейту болмауы тиіс.
Ең маңызды мәселе – жастардың қандай жұмысқа орналасқаны.
Тұрақты еңбек шарты, ресми жалақы, әлеуметтік төлемдер, зейнетақы жарналары және кәсіби өсу мүмкіндігі – сапалы жұмыспен қамтудың негізгі өлшемдері.
Себебі ресми әрі тұрақты жұмысқа орналасқан жас азамат тек жеке табысын арттырып қана қоймайды. Ол әлеуметтік қорғанысқа ие болып, экономикалық тұрғыдан дербестенеді және елдің салық пен зейнетақы жүйесіне үлес қосады.
Қорыта айтар болсақ, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы Қазақстанның жастарды жұмыспен қамту саясатында нақты нәтижелер бар екенін көрсетіп отыр.
63,2 мың жастың жұмысқа орналасуы, олардың 63,4 пайызының тұрақты жұмыспен қамтылуы, жастар арасындағы жұмыссыздықтың 2,9 пайызға дейін төмендеуі және NEET көрсеткішінің азаюы – еңбек нарығында оң өзгерістер жүріп жатқанын аңғартады.
Сонымен бірге ауыл жастарына басымдық беру, цифрлық платформаларды дамыту және жастар кәсіпкерлігін қолдау еңбек нарығының жаңа моделін қалыптастыруға ықпал етуде.
Ендігі басты сұрақ – «қанша жас жұмысқа орналасты?» деген көрсеткішпен ғана шектелмеуі керек.
Маңыздысы – жастар қандай жұмысқа орналасты, олардың табысы жеткілікті ме және бұл жұмыс олардың болашақ экономикалық дербестігін қамтамасыз ете ала ма?
Қазақстанның жастарды жұмыспен қамту саясаты сандық көрсеткіштерден сапалы еңбекке бағыт алған кезде ғана бүгінгі нәтижелер ел экономикасының ұзақ мерзімді жетістігіне айналады.
Ж.Сатқанбай,


