Денге қызбасы – негізінен тропикалық және субтропикалық аймақтарда кездесетін, денге вирусы қоздыратын жедел жұқпалы ауру.
Фото: awd.is
ERNUR.KZ. Жыл басынан бері Қазақстанда денге қызбасының жеті жағдайы тіркелді. Аурудың барлығы Алматы тұрғындарынан анықталған, деп жазады Stan.kz.
Денге қызбасы – негізінен тропикалық және субтропикалық аймақтарда кездесетін, денге вирусы қоздыратын жедел жұқпалы ауру. Оны вирус жұқтырған Aedes тұқымдасына жататын масалар шаққанда таратады. Ауру көбіне жоғары дене қызуымен, қатты бас және бұлшықет ауыруымен, әлсіздікпен сипатталады. Кей жағдайда денге ауыр өтіп, қан кетуге және өмірге қауіп төндіретін асқынуларға әкелуі мүмкін.
Аурудың барлық жеті жағдайы Алматы тұрғындарынан анықталған. Санитариялық дәрігерлер мұны қала тұрғындарының жоғары мобильділігімен байланыстырады. Алматыдан инфекция кең таралған өңірлерге, соның ішінде транзит арқылы көптеген елдерге ұшуға болады.
Денге қызбасын Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен жұқтырып әкелу қаупі жоғары. Ауру Африкада, Австралияда, сондай-ақ Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Американың тропикалық аймақтарында кездеседі.
Ауру әдетте кенеттен басталады. Дене қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, қалтырау, қатты әлсіздік, бас және бұлшықет ауыруы, бас айналу, жарықтан қорқу байқалады. Сондай-ақ жүрек айну мен құсу болуы мүмкін.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Айжан Жүкенова денге қызбасы ауыр түрге өтіп, ішкі қан кетуге әкелуі ықтимал екенін атап өтті.
"Қонақүй немесе баспана таңдағанда міндетті түрде бөлмелерде кондиционер болғанына немесе есік пен терезелерде масаға қарсы тор орнатылғанына көз жеткізу керек. Мүмкіндігінше денені толық жабатын киім киіп, масадан қорғайтын репелленттерді қолданған жөн. Эндемиялық елдерден оралғаннан кейін дене қызуы көтеріліп, бас ауырып, бөртпе пайда болса, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет", – деді бас сарапшы.


