Президент әкімшілігіне зейнетақы жинағын баспана алуға және ем-домға пайдалану бойынша ұсыныстар енгізілді.
ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев зейнетақы жинағын пайдалану бойынша қандай ұсыныстар әзірленгенін айтып берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Президенттің тапсырмасы бойынша үкіметтің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оған танымал ғалымдар мен сарапшылар енді. Біз халықаралық тәжірибені зерделеп шықтық. Сөйтіп, президент әкімшілігіне зейнетақы жинағын пайдалану бойынша бірнеше ұсыныс енгіздік", - деді Сапарбаев астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, бірінші ұсыныс зейнетақы жинағын баспана алу үшін пайдалануға арналған. Екіншісі – салымның белгілі бір бөлігін ем-домға жұмсау. Оған тегін медициналық қызмет пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға кірмейтін емдеу шаралары жатады.
"Осы ұсыныстар президент әкімшілігінің қарауына енгізілді. Әзірше, нақты шешім қабылданған жоқ. Шешім шыққанда барлығына жеткіземіз", - деп түсіндірді Сапарбаев.
Осы орайда вице-премьер зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты негізгі мәселені атап өтті.
"Мен тағы қайталап айтамын, қазақстандықтар тиісті зейнетақысын алуы қажет. Сондықтан зейнетақы жинағын пайдалану жағы есепшоттағы ақшаның көлеміне байланысты болады. Адам зейнеткерлікке шыққанда қажетті ақшамен қамтылуы шарт", - дейді Сапарбаев.
Вице-премьердің дерегінше, бүгінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасты құрайды. Осыған байланысты зейнетақы ақшасы нақты қанша жылға қажет болатынына да зерттеу жүргізілген.
"Біз тиісті есеп-қисапты жасап шықтық. Қазақстандықтар, шамамен, зейнетке шыққаннан кейін шамамен 19-25 жыл өмір сүреді. Сондықтан біз әрбір адамның есепшотындағы қаржы зейнет жасына жете ме, жоқ па, осыны ескеруіміз керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде салымшылардың жартысының жинақ сомасы 1 миллион теңгеге жетпейді. Ал қажетті сома, шамамен, 10-12 миллион теңге болуы тиіс. Ондай азаматтардың саны – 102 мың адам", - деді Сапарбаев.