Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл өндірістерде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде.
ERNUR.KZ. Қазақстанда шығарылатын көліктер желісі кеңейтіліп, автозауыттарда жасанды интеллект технологиялары белсенді енгізіле бастайды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл өндірістерде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, қауіпсіздікті жедел басқаруға арналған жасанды интеллектке негізделген ахуалдық орталық іске қосылды. Интеллектуалды платформа бейнекамералардан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдап, тәуекелдерді, төтенше жағдайларды және ауытқуларды жедел анықтап, оларды уақтылы жоюға мүмкіндік береді», – деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы салада жаңа өндірістік қуаттар іске қосылды. Атап айтқанда, жалпы инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асатын KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan сияқты екі ірі зауыт ашылды.
«Саланың өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында автомобиль жасау саласында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк тартқыштарды шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту көзделіп отыр», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Сонымен қатар, елімізде отандық қамтуды арттыруға баса назар аудара отырып, автокомпоненттер өндірісін дамыту жандандырылуда.


