Ауылдан қалаға оқуға келген жастар қаржылық сауаты болмастан, микроқаржылық ұйымдардан үлкен пайызбен қарыз алады.
ERNUR.KZ. Шымкентте жас депутаттар 21 жасқа толмағандарға несие беруге тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды ktk.kz.
Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев Шымкент жастарымен кездесіп, кездесуден алған әсерімен әлеуметтік желілерде бөлісті. Ол жастарды толғандыратын мәселелермен танысқанын айтып, жас әріптестерінің 21 жасқа дейін жастарға несие алуға тыйым салу туралы ұсыныс жасағанын жеткізді.
Депутаттардың дерегінше, ауылдан қалаға оқуға келген жастар қаржылық сауаты болмастан, микроқаржылық ұйымдардан үлкен пайызбен қарыз алады. Оны қайтару студенттер үшін қиын болмақ. Халық қалаулысының айтуынша, тұрақты табысы мен жұмысы жоқ студенттердің ұрлық, тонау, тартып алу сияқты қылмыс жасауы осыдан шығады.
"Қазір қаптаған микронесиелік ұйымдар 18 толған жастарға үлкен пайыздық үстемелермен несие береді. Ірі сауда орталықтарында тек жеке куәлікті көрсетіп, тауарларды несиеге рәсімдеуге болады, кредитоматтар орнатылған. Жалпы 18-ге келген жеткіншек әлі жұмыс істемейді, несиесін өтеуге ақшаны қайдан алады?! Сондықтан жас депутаттар 21 жасқа дейін несие беруге тыйым салуды ұсынды", - деп жазды халық қалаулысы.