Қазақстанда 32 мыңнан астам нысан мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді

0
104

​ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді әрі кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруда.


Қазақстанда 32 мыңнан астам нысан мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді

ERNUR.KZ. 2026 жылдың соңына дейін елімізде әлеуметтік инфрақұрылымның 34 573 нысанын бейімдеу жоспарланған. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша оның 32 802-сі бейімделді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Мұндай нысандардың қатарында білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет мекемелері, мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ сауда және қызмет көрсету нысандары бар.

Бұл жұмыс еліміздің барлық өңірінде 2025-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының инклюзивті саясаты тұжырымдамасы, Жол картасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан «Халықпен бірге» жобасы аясында жүргізілуде.

Нысандарды бейімдеу кезінде мүгедектігі бар адамның ғимаратқа өз бетінше әрі қауіпсіз кіріп, оның ішінде еркін жүріп-тұруына және қажетті қызметтерді алуына жағдай жасауға баса мән беріледі.

Адамның нысанға келген сәтінен бастап қызмет алғанға дейінгі барлық жолы бағаланады. Яғни ғимаратқа іргелес аумақтан және кіреберістен бастап, қызмет көрсетілетін орынға дейінгі жағдай қаралады. Сонымен қатар ғимарат ішіндегі жүріп-тұру жолдары, санитариялық-тұрмыстық бөлмелер, ақпараттандыру және телекоммуникация құралдары тексеріледі.

Осылайша нысанның қолжетімділігі онда белгілі бір элементтің бар-жоғына емес, адамның сол нысанның қызметтерін өз бетінше және еш кедергісіз пайдалана алуына байланысты анықталады.

Халықты ақпараттандыру мен қоғамдық бақылаудың маңызды құралдарының бірі – «Қолжетімділіктің интерактивті картасы». Онда әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігі туралы ақпарат орналастырылады.

Бейімдеу жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік мекемелермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп жүргізіледі. Осы ретте қолжетімділікке қойылатын заманауи талаптармен қатар азаматтардың өтініштері мен нақты қажеттіліктері де назарға алынады.

Еңбек министрлігінде атап өткендей, кедергісіз орта қалыптастыру ғимараттарды бейімдеуді және мүгедектігі бар адамдарға қажетті жағдай жасауды қамтитын кешенді жұмысты талап етеді.