Қазақстанда әдебиетті қолдау: қаламгерлерге грант, кітап басуға қаржы, оқырманға жаңа мүмкіндік

0
416

Әдебиетті қолдау тек шығарма авторына сыйақы берумен шектелмейді.


Қазақстанда әдебиетті қолдау: қаламгерлерге грант, кітап басуға қаржы, оқырманға жаңа мүмкіндік

көрнекілік үшін сурет: ЖИ

Қазақстанда отандық әдебиетті дамыту, жазушылар мен ақындарды қолдау және қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар мемлекеттік бастама жүзеге асырылып жатыр. Қолдау шаралары тек қаламгерлерге сыйақы тағайындаумен шектелмейді. Кітаптарды басып шығару мен тарату, жас авторларды ынталандыру, цифрлық кітапханаларды дамыту, балалардың оқу сауаттылығын арттыру және әдеби жобаларды гранттық қаржыландыру да осы саясаттың маңызды бөлігіне айналған.

Мемлекет бұл бағытта әдебиеттің жазылуынан бастап, басылып шығуы, оқырманға жетуі және заманауи технологиялар арқылы таралуына дейінгі бірнеше кезеңді қамтитын қолдау тетіктерін қалыптастырып келеді.


Қаламгерлерге 35 миллион теңгелік әдеби сыйлық беріледі

Отандық әдебиетті қолдаудың негізгі бағыттарының бірі – жазушылар мен ақындардың шығармашылық еңбегін қаржылай ынталандыру. Осы мақсатта ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі арнайы әдеби конкурстар ұйымдастырып келеді.

Солардың бірі – «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы. Қазақ әдебиетіндегі тың туындыларды анықтап, қаламгерлердің шығармашылығына қолдау көрсетуге бағытталған байқау биыл бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

Байқаудың басты ерекшелігі – қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Демек, тәжірибелі қаламгерлер де, әдебиетке енді келген жас авторлар да өзара бақ сынай алады.

Сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 35 миллион теңге. Байқау жеті номинация бойынша өткізіледі. Әр номинация жеңімпазына 5 миллион теңгеден беріледі.

Атап айтқанда, «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік әдеби сын» және «Үздік комикс» бағыттары қамтылған.

Әсіресе комикс номинациясының енгізілуі назар аудартады. Бұл дәстүрлі әдеби жанрлармен қатар, визуалды әдебиет пен графикалық романдарды да дамытуға мүмкіндік береді.

Байқауға ұсынылатын шығармалар бұрын еш жерде жарияланбаған болуы керек. Өтінімдер www.aiboz.kz ресми веб-порталы және Кітап палатасының конкурстық цифрлық модулі арқылы қабылданады. Жеңімпаздар жыл қорытындысы бойынша марапатталады.

Ал жас ақын-жазушыларды қолдау мақсатында Президенттік арнаулы әдеби сыйлық та тағайындалады. Бұл марапат биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

Сыйлыққа 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Үміткерлер ұсынатын шығармалар бұрын халықаралық немесе ұлттық байқауларға қатыспаған болуы міндетті. Өтінімдер «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» атты төрт номинация бойынша қабылданады. Әр автор тек бір бағытты таңдай алады.

Жеңімпаздарға «Қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағы, арнайы диплом, төсбелгі және 4,1 миллион теңге көлемінде біржолғы қаржылай сыйақы беріледі.

Өтінімдерді қабылдау мен сараптамалық іріктеуді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті жүзеге асырады.

Осылайша, «Айбоз» сыйлығы барлық буын қаламгерлерін қамтыса, Президенттік арнаулы сыйлық әдебиетке жаңадан келіп жатқан жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған.


Мемлекет қоғамдық маңызы бар кітаптарды басып шығаруға тапсырыс береді

Әдебиетті қолдау тек шығарма авторына сыйақы берумен шектелмейді. Жазылған туындының басылып, оқырманға жетуі де маңызды. Бұл бағытта ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы жұмыс істейді.

Мекеме баспа өнімдерін мемлекеттік библиографиялық есепке алып, ұлттық баспа мұрасын сақтаумен қатар, авторлар мен баспагерлерге мемлекеттік сатып алу тетіктері арқылы қолдау көрсетеді.

Соның бірі – «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы іріктеу конкурсы.

Бұл бағдарлама бойынша мемлекет қоғамдық-саяси, тарихи, көркемдік және мәдени маңызы жоғары шығармаларды сараптамалық іріктеуден өткізіп, сатып алады. Авторлар мен баспа үйлерінің жаңа туындыларына мүліктік құқықтар сатып алынып, кітаптар мемлекеттік қаражат есебінен тиражбен басып шығарылады. Кейін олар еліміздің барлық өңіріндегі көпшілік кітапханаларға тегін таратылады.

Мұндай тетік қаламгерлерге қаламақы алуға мүмкіндік беріп, баспалардың да тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Кітап палатасы баспа саласын цифрландыруға да үлес қосып келеді. Мәселен, isbn.kz жүйесі арқылы отандық басылымдарға халықаралық стандартты ISBN нөмірлері беріліп, ресми каталогқа енгізіледі. Сонымен қатар тарихи және сирек кітаптарды цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде.

Демек, Кітап палатасының қызметі ұлттық әдеби мұраны сақтаумен ғана шектелмей, жаңа туындыларды басып шығару мен таратуға да бағытталған.


Әдеби жобаларға 50 миллион теңгеге жуық грант бөлінді

Соңғы жылдары әдебиетті қолдау саласында цифрлық технологиялар мен креативті индустрияға басымдық беріліп келеді. Кітап оқу мәдениетін заманауи форматта дамыту үшін Креативті индустрияларды дамыту қоры (Qazaq Creative) әдебиет пен кітап шығару саласындағы инновациялық жобаларға гранттық конкурс өткізді.

Байқауға барлығы 172 өтінім түскен. Көпсатылы сараптамадан кейін үздік деп танылған 10 қазақстандық жобаға жалпы сомасы шамамен 50 миллион теңге грант бөлінді. Әр жоба өз өнімін нарыққа шығару үшін 5 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау алды.

Қолдау тапқан бастамалар бірнеше бағытты қамтиды.

Бірінші бағыт – цифрлық кітапханалар мен оқу платформалары. Олардың қатарында қазақ тіліндегі кітаптарды мобильді форматта оқуға мүмкіндік беретін «Сөз-Қазына», Oqiber, Abai Library және Satti.asia сервистері бар.

Екінші бағыт балалар әдебиеті мен интерактивті басылымдарды дамытуға арналған. Бұл санатқа «Бір беттік кітап: Қазақ ертегілері», «Тәтті ертегі» және ұлттық аспапты насихаттайтын «Домбыра үйренгім келеді» жобалары енген.

Үшінші бағыт – ұлттық комикстер мен визуалды сторителлинг. Мұндай жобалар, әсіресе, жасөспірімдерді кітап оқуға қызықтыруды көздейді.

Төртінші бағыт жасанды интеллект пен білім беру құралдарын қамтиды. Әдебиет пен тілді меңгеруге арналған аналитикалық және интерактивті алгоритмдерді пайдаланатын Compara және Tulga технологиялық шешімдері де грант иеленген.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бұл бастамалар отандық әдебиеттің қолжетімділігін арттыруға, қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуге, балалар мен жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ заманауи цифрлық технологиялар арқылы ұлттық мәдениетті дәріптеуге бағытталған.

Осылайша, әдебиет саласындағы мемлекеттік қолдау дәстүрлі баспа ісімен шектелмей, цифрлық кітапханалар, мобильді қосымшалар, комикстер мен жасанды интеллект негізіндегі білім беру өнімдерін дамытуға да бағытталып отыр.


Мектептер мен колледждерде 1956 заманауи кітапхана ашылды

Әдебиетті дамыту үшін кітап жазатын авторлар мен оны басып шығаратын баспаларды қолдау жеткіліксіз. Ең алдымен, тұрақты оқырман қалыптастыру қажет. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2023 жылдан бері «Балалар кітапханасы» жалпыұлттық бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі іске асырып жатқан бағдарлама білім беру ұйымдарындағы кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға, кітап қорын толықтыруға және оқушылардың электронды әдебиетке қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Қазіргі уақытта еліміздегі білім беру ұйымдарының жалпы кітапханалық қоры 142 миллион данаға жеткен. Оның 29 миллионнан астамы көркем әдебиет шығармаларынан тұрады. Соңғы жылдары мектеп кітапханаларының қоры тағы 1,6 миллион жаңа көркем әдебиет басылымымен толықтырылған.

Сонымен қатар дәстүрлі кітап сақтау орындарын заманауи оқырман кеңістігіне айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде Қазақстан мектептері мен колледждерінде 1956 кітапханалық коворкинг орталығы құрылған.

Бұл орталықтар оқушылардың кітап оқып қана қоймай, әдеби кездесулерге, кітап талқылауларына және зияткерлік сайыстарға қатысуына мүмкіндік береді.

Кітап оқуды цифрлық форматта қолжетімді ету де назардан тыс қалмаған. Мәселен, edu.bookfund.gov.kz платформасында қазақ және әлем әдебиетінің 2580 кітабының электронды нұсқасы ашық орналастырылған.

Ал 2026 жылғы ақпан айынан бастап оқушылардың оқу сауаттылығы мен мәтінді түсіну деңгейін бақылауға арналған Oqyrman.kz ақпараттық жүйесі енгізілген.

Бұдан бөлек, «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының «Оқитын мектеп» бағыты бойынша 680 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Олар әдеби шығармаларды жүйелі оқуға және зияткерлік жарыстарға қатысуға тартылған.

Аталған шаралар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі ретінде жүзеге асырылып отыр.


Әдебиетті қолдаудың жаңа кезеңі: автордан оқырманға дейінгі жүйе

Жалпы, Қазақстанда әдебиетті қолдау бағытындағы мемлекеттік шаралар бірнеше негізгі міндетті қамтиды. Біріншіден, қаламгерлердің еңбегін бағалап, шығармашылыққа қаржылай ынталандыру тетіктері қарастырылған. «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының 35 миллион теңгелік қоры мен жас авторларға арналған Президенттік арнаулы сыйлық осы бағыттағы маңызды құралдардың бірі.

Екіншіден, кітаптарды басып шығару мен таратуға мемлекеттік тапсырыс беру арқылы авторлар мен баспагерлерге қолдау көрсетіледі. Бұл ретте қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу және өңірлік кітапханаларға тегін тарату тетігі қолданылады.

Үшіншіден, әдебиет пен цифрлық технологиялардың байланысы нығайып келеді. Qazaq Creative қоры бөлген шамамен 50 миллион теңгелік гранттар цифрлық кітапханалар, балалар әдебиеті, комикстер және жасанды интеллект негізіндегі білім беру жобаларының дамуына мүмкіндік беріп отыр.

Төртіншіден, оқырман аудиториясын қалыптастыруға басымдық берілген. Білім беру ұйымдарындағы 1956 коворкинг орталығы, кітапханалар қорына қосылған 1,6 миллион жаңа басылым, сондай-ақ edu.bookfund.gov.kz және Oqyrman.kz платформалары осы бағыттағы жұмыстардың ауқымын көрсетеді.

Осы бастамалар Қазақстанда әдебиетті қолдаудың біртұтас жүйесін қалыптастыруға негіз болып отыр. Оның аясында мемлекет бір жағынан авторлардың шығармашылық еңбегін бағалауға, екінші жағынан кітап өндірісі мен таралымын дамытуға, үшінші жағынан жаңа буын оқырмандарын тәрбиелеуге күш салып келеді.

Бұл шаралардың ұзақ мерзімді нәтижесі аталған тетіктердің тұрақты жұмыс істеуіне, сапалы әдеби өнімнің көбеюіне және оның оқырманға қаншалықты қолжетімді болуына байланысты болмақ. Өйткені әдебиетті дамыту – тек кітап шығару емес, автор, баспа, технология және оқырман арасындағы байланысты нығайту.

Ж.Сатқанбай