Ерекше науқас — жеті жасар қыз.
ERNUR.KZ. Алматы қалалық 2-ші клиникалық балалар ауруханасының хирургтары күрделі ота жасады, деп жазады ҚазАқпарат.
Сәуір айында №2 қалалық ауруханада жаңа хирургиялық бөлім ашылды. Жарты жыл ішінде мұнда 150-ден аса күрделі ота жасалған. Олардың бірі ерекше болғаны сонша – елдің бүкіл медицина қауымының назарын аударды.
Ерекше науқас — жеті жасар қыз. Ата-анасының сөзі бойынша, баланың туғаннан омыртқасы ауырып, дәрігерлер белдің ісігі деген диагноз қойған.
«Біз тілгеннен кейін бұл тератома екенін анықтадық. Дене бөліктерін көрдік. Яғни, ұрық болған», - дейді №2 қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Әлібек Жарасов.
Жылдар бойы ол қыздың денесінде өскен. Отаның сәтті аяқталуын ғажайыпқа теңеуге болады, өйткені мұндай жағдайлар сирек кездеседі.
Аурухана басшылығы келесі жылы хирургия бөлімін кеңейтіп, жаңа құрылғы алуды жоспарлап отыр.
«Біз бұрын қаламызда жасалмаған оталарды жасау үшін операциялық макроскоп, нейрохирургиялық навигация алуды жоспарлап отырмыз», - деп мәлімдеді №2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Марат Рабандияров.