Биыл қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға арналған бірқатар заңнамалық өзгерістерді қабылданды.
фото:Sputnik / Алексей Сухоруков
ERNUR.KZ. 21 желтоқсаннан бастап микроқаржы омбудсмены институты өз жұмысын бастайды, деп жазады sputnik.kz.
Биыл қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға арналған бірқатар заңнамалық өзгерістерді қабылданды. Соның ішінде микроқаржы омбудсмены институты құрылды. Ол 21 желтоқсаннан бастап өз жұмысын бастайды.
Микроқаржы омбудсмены қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайды.
Омбудсменның көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады. Оның қызметтері тегін болады. Омбудсмен тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді.
"Бұл ретте омбудсмен қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы орындауға міндетті. Егер тараптардың келісімімен басқа мерзім белгіленбесе микроқаржы омбудсменының шешімі 30 күннің ішінде орындалуы керек. Микроқаржы омбудсменының құзыретіне сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілері кірмейді. Сондай-ақ дәлелденбеген жағдайлар бойынша немесе жаңа мән-жайлары анықталмай қайта жолданған өтініштер қаралмайды", - дейді ведомство.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 220 ұйым, 215 кредиттік серіктестік және 497 ломбард бар.