Қазақстанда алименттің ең төменгі мөлшері белгіленуі мүмкін

0
106

Алимент төлеушілер тиісті сомадан аз төлеу үшін көбіне табысын әдейі төмендетіп көрсетеді.


Қазақстанда алименттің ең төменгі мөлшері белгіленуі мүмкін

Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Қазақстанда алименттің ең төменгі мөлшері белгіленуі мүмкін. Бұл туралы Республикалық жеке сот орындаушылары (ЖСО) палатасының төрағасы Нұржан Арынғазинов айтты, деп жазады tengrinews.kz.

Палата басшысының сөзінше, алимент төлеушілер тиісті сомадан аз төлеу үшін көбіне табысын әдейі төмендетіп көрсетеді. Он мыңдаған қазақстандық баласына айына небәрі 15 мың теңге төлесе, енді бірі заңды міндеттемелерін орындаудан мүлдем жалтарып жүр.

"Біз баланың тамақтануы, киімі, білім беру курстары мен бос уақыты сияқты базалық қажеттіліктерін ескере отырып, алименттің ең төменгі сомасын заң жүзінде бекітуді ұсынамыз. Бұл жалған жұмысқа орналасу мәселесін шешеді. Борышкер ең төменгі жалақыны (2026 жылы 85 000 теңге – ред. еск.) көрсетіп, жұмысқа жалған орналасқан жағдайда, бала айына небәрі 15 мың теңге алимент алатын кездер жиі кездеседі. Мұндай сомаға баланы асырау мүмкін еместігін бәріміз түсінеміз", - деді Нұржан Арынғазинов Мәжіліс кулуарында.

Журналистер алименттің белгіленген сомасы ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аз немесе көп болуы керек пе деген сұрақ қойды. Палата басшысы әзірге нақты есептеу жоқ екенін, бірақ бұл қаражат баланың "қалыпты өмір сүруіне" жетуі тиіс екенін айтты.

"Нақты айта алмаймын: бұл не ЕТЖ-ға, не ең төменгі күнкөріс деңгейіне (50 000 теңгеден сәл асады – ред. еск.) байланысты болуы керек шығар. Бұл мәселені әлі де талқылап, қарастыру қажет", - деді Арынғазинов.

Республикалық ЖСО палатасы мәліметінше, Қазақстанда 12 мыңға жуық адам алимент төлеуден жалтарып жүр.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алимент қорын салық түсімдерінен емес, мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен құруды ұсынды.