Қазақстанда дарынды оқушылармен жұмыс істеу жүйесі құрылған.
ERNUR.KZ. Ол «анықтау – іріктеу – дайындау – қолдау – дамыту» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Бұл жүйенің басты міндеті – тұратын өңірі мен оқитын жеріне қарамастан, баланың қабілетін уақтыылы анықтау, оның дамуына мүмкіндік беру және жоғары нәтижелерге жетуі үшін жағдай жасау. Бұл туралы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Давлет мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда Қазақстандағы әрбір үшінші оқушы түрлі интеллектуалдық жарыстарға қатысады. Бұл олимпиадалық қозғалыстың кең ауқымдылығын және оның талантты жастарды анықтаудағы маңызды рөлін көрсетеді. Айта кетерлігі, ағымдағы оқу жылында республикалық олимпиаданың мектеп кезеңінің өзіне 320 мыңнан астам жоғары сынып оқушысы қатысты. Бұл – қабілетті әрі ынталы оқушыларды ерте бастап анықтауға мүмкіндік беретін ауқымды іріктеу жүйесінің алғашқы деңгейі», – деді спикер.
Оның айтуынша, халықаралық олимпиада қатысушыларын дайындау – дарынды балалармен жұмыс істеудің басты бағыттарының бірі. Қазақстанның ұлттық құрамаларына іріктеу көпдеңгейлі жүйе болып табылады.
Бірінші кезең – мектеп деңгейі, мұнда белгілі бір пәндік бағыттарға қабілеті мен қызығушылығын танытқан оқушылар анықталады. Екінші кезең – аудандық және қалалық деңгейлер, мұнда білім беру ұйымдары арасындағы ең үздік қатысушылар белгіленеді. Үшінші кезең – облыстық деңгей, мұнда оқушылар өз өңірлерінің намысын қорғап, республикалық кезеңге қатысу құқығы үшін бақ сынайды. Төртінші кезең – республикалық олимпиада, оның қорытындысы бойынша елдің олимпиадалық резерві қалыптасады.
«Осылайша, халықаралық олимпиадалардың қатысушылары – мыңдаған талантты оқушылар арасында көпсатылы іріктеуден өтіп, әр кезеңде өз деңгейін дәлелдеген оқушылар. Қазақстанның халықаралық құрамасына кездейсоқ түсу мүмкін емес. Әрбір қатысушының артында жүйелі жұмыс, жоғары дайындық деңгейі және бәсекелестік күресте дәлелденген нәтижелер тұр», – деп атап өтті Тимур Давлет.
Ол олимпиадалық резерв қалыптасқаннан кейін ұлттық құрама кандидаттарын мамандандырылған дайындау басталатынын қоса айтты. 2025-2026 оқу жылында ұлттық құрамаларды дайындау шеңберінде тоғыз пән бойынша 31 республикалық және халықаралық оқу-жаттығу шарасы өткізіліп, оған 316 оқушы қатысты. Олимпиадалық резерв үшін 20 оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылып, оған 262 оқушы қатысты. Ұлттық құрама команда мүшелері үшін 11 жиын өткізіліп, оған 54 оқушы қатысты.
«Дайындықтың кешенді жүйесі оқушыларымызға жыл сайын халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетуге мүмкіндік береді. Оқушыларды дайындауға жетекші мамандар: ғылым докторлары, PhD мен MD мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, халықаралық тәжірибесі бар бапкерлер, сондай-ақ ұлттық құраманың түлектері - өткен жылдардағы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері тартылады», – деп толықтырды орталық директоры.


