Әскери тасымалдау құжаттарының көмегімен әскери қызметшілер теміржол кассасына өтіп, бланкіні қағаз билетке айырбастай алады.
ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілер үшін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Осылайша, әскери тасымалдау құжаттары, әскери қызметшілерге тұрғын үйді автоматты түрде бөлу жөніндегі қызметтер электронды форматқа ауыстырылады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді.
Әскери тасымалдау құжаттарының көмегімен әскери қызметшілер теміржол кассасына өтіп, бланкіні қағаз билетке айырбастай алады. Тек 2024 жылы 24 мыңнан астам бланк пайдаланылды, 40 мыңнан астам қағаз билет сатып алынды. Спикердің айтуынша, бұл жұмыс қағазбастылыққа әкеп соқтырды. Яғни, осы процедура кассаға барудан бастап бланкіні қағаз билетке айырбастауға дейін көп уақыт алды.
«Қазақстан Темір Жолы» компаниясындағы әріптестермен бірлесіп, бұл процесті жеңілдету туралы шешім қабылдадық. Электрондық әскери тасымалдау құжаттарына көшу көрсетілген қағаз бланкілерді сатып алу шығындарын және кассаға бару уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Біздің болжамымыз бойынша, тек қағаз билеттерді жоюдың арқасында ғана 10 млн теңгеге жуық қаражат үнемдеуге болады. Ал, әскери қызметшілер жұмыс орнынан онлайн режимінде электрондық билетті ресімдей алады. Бұл бастаманы біз жүзеге асырып жатырмыз, күзде ресми түрде іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Дархан Ахмедиев.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тұрғын үй қатынастары саласына да әсер етеді. Қорғаныс ведомствосы мемлекеттік тұрғын үй қорынан әскери қызметшілердің қызметтік тұрғын үйлерін жекешелендіру процесін цифрландырмақ.
«Қаржы министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп үлкен жұмыс жүргіздік. Соның негізінде жекешелендіру процесін жеделдетуге мүмкіндік беретін жүйені әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Жекешелендіру процесі өтініш жазудан бастап келісімшартқа қол қоюға дейін екі жылға дейін созылған жағдайлар болды. Енді біз бұл уақытты бірнеше айға дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Пилотты жүргізу үшін Цифрлық даму министрлігімен тиісті нормативтік-құқықтық құжаттарға қол қойылды. Біз қазірдің өзінде пилоттық режимде жұмыс істей бастадық. Сонымен қатар процесті қалай жақсартуға болатынын зерттеп жатырмыз», – деп атап өтті спикер.
Бұдан бөлек, кезекте тұрған әскери қызметшілерге тұрғын үйді автоматты түрде бөлу, кезектен шығарылатын және жалдау шарттарын бұзған адамдарды автоматты түрде анықтау бойынша қызметтерді электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыс басталды. Осылайша, барлық іс-шара аяқталғаннан кейін әскери қызметшілерді цифрлық форматта тұрғын үймен қамтамасыз етудің толық циклі енгізілетін болады.