"Тамағым тәтті болғанмен, қабағы қатты келінмін"

0
252


Сурет: i.pinimg.com

"Әйелдің ғана емес, отбасындағы әр адамның әрбір сөзі, үні, әрекеті басқаларына әсер етеді. Үйдің берекесін, жайлылықты қалыптастырады. Бір адамның жылу таратуы тұтас отбасының жылуына себеп болады. Сондықтан әрдайым күліп, жақсы сөз айтып, айналаңызға жақсы көңіл-күй мен жылу таратып жүріңіз."

Келіншек ERNUR.KZ порталының оқырмандарына осындай ой ұсынды.


"Кішкентайымнан қабағым қатулы қызбын. Әдейі емес, ашуланып та жүрмеймін. Жай, қас-қабағым өзі сондай. Әке-шешем "Жаңа туған кезіңнің өзінде қабағың үйін-түйін боп жататынсың" дейді.

Бірақ сол қабағыма анамның өзі де үйренісе алмады. Кейде бетіме қарайды да өзінен-өзі "Не боп қалды тағы? Неге ашуланып жүрсің?" деп сұрайтын. "Ештеңе болған жоқ, түрім өзі сондай ғой" деп ақталамын. "Аа, қайдан білейін, бірдеңе боп қалды екен дей беремін. Өзі сондай демей, қабағыңды ашып, кішкене күлімсіреп, жүзіңді жылытып жүруді үйренші. Сырттан қараған адамға жаман әсер етеді. "Ашуланып тұр, жақтырмай жүр деп, көп адам теріс түсініп қалады сені" деп әрі әзілге айналдырған болып, әрі ақылын айтатын.

Бірақ болмысымның осы бір тұсын өзгерту оңай болмады. Ақыры бұл сөз жүйкеме тие бастады да, өсе келе қабағымды сөз қылғандарға "Алла түрімді солай жаратты, жұмыстарың болмасын" дейтін болдым.

Тұрмысқа шыққан соң анамның "жақтырмай жүр деп ойлап қалады, кері әсер етеді" деген сөздерінің растығына көзім жетті. Қайынжұртымда көп адам мені "Біреуге ренжіп жүр ма? Күйеуімен ұрсып қалған ба? Көңіл-күйі жоқ қой. Келін өмірі ештеңеге риза болмайды, қабағы бір ашылмайды. Күліп-ойнап ашық-жарқын жүрмейді. Барғанымызды жақтырмады-ау, тымырайып жүріп бір тамақ-шайын әрең берді" деген сияқты неше түрлі сөз айтып, өсектейтін.

Енемнің енесі өте сұңғыла жан еді. Мұнда келгесін анамның айтатындарын сол кісіден де естідім. Бір күні шайдың соңыда екеуміз ғана қалғанда "Үйдің жылы, жайлы болуы сол үйдегі адамдардың көңіл-күйіне байланысты. Әр адамның көңіл күйі, сөзі, әрекеті әсер етеді. Бір адамның ашуы бәріне тарайды. Бірінің жылы жүзі, күлімсіреуі бәріне шипа болады. Мәселені, ренішті іште сақтамай айту керек" деп ақыл айтып келді де, "Кімге ренжіп жүрсің?" деп сұрады. "Ешкімге, әже. Өзімнің түрім осындай. Туылған кезден бастап қабағым осылай түйіліп тұрады. соны әркімге түсіндіріп, ақталып шаршадым" дедім.

"Еее, ондай болса, жөн екен. Ал мен жас кезімде өкпелегіш едім. Не болса соған тырысып, қабағымнан қар жауып қалатын. Күйеуіме ренжіген кезде оған ғана емес, балаларыма, енеме де сөйлемей қоятынмын. Мені үлкендер "Тамағы тәтті болғанмен, қабағы қатты келін" деп айтады екен. Кейін түсіндім ғой, мен күліп жүрсем, күйеуім де жайсыз, балаларым да жылауық болмайтынын. Күлімсіреп отырып берген ас-судың сүйкімді, сіңімді болатынын. Кейін әйтеуір жоқ-барды тере бермеуді үйреніп, өкпешілдікті әрең қойдым. Сені де сондай болмасыншы джеп ақылымды айтқан түрім ғой. Өзіңнің жаратылысың сол болса, өзгермеймін десең, өзің көрерсің" деді.

Әжемнің осы бір әңгімесі мені ойландырды. "Менің қас-қабағым көп адамға әсер ететін болса, жақсы әсер етуі үшін неге өзгерте алмаймын?" деген ой келді. Есейгенім шығар, осы ойдан кейін есіме түскен сайын қабағымды күшпен жазып-тарқатып, еш себеп жоқ болса да жымиып, күліп жүруді үйрендім. Содан бастап көзім жетті, егер мен көңілді отырып шәй-тамақ ұсынсам, үйдегілер де, қонақтар да мәз-мейрам боп ішеді. Егер мен жақсы көңіл күймен таңертеңгі ас әзірлеп, күйеуіме жылы сөз айтсам, ол жұмысына шабытпен барады. Ол жұмыстан көңілді келсе, балалармен ойнайды. Балалар мәз-мейрам болады, жақсы ұйықтайды. Осындай тізбекпен бүкіл отбасына әсер етеді екенмін. "