Қазақстанда қолданылатын ауыл шаруашылығы техникасының 76 пайызы тозған.
ERNUR.KZ. Сенатор Әли Бектаев Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникалары үшін утильалымды алып тастауды ұсынды. Бұл туралы ол депутаттық сауалында айтты, деп жазады tengrinews.kz.
Өзінің депутаттық сауалында Әли Бектаев ауыл шаруашылығы техникасының тозуы мен тапшылығына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда қолданылатын ауыл шаруашылығы техникасының 76 пайызы тозған. Қолданыстағы нормалармен қазіргі уақытта егістік алқаптарында 65 мың трактор мен 43 мың комбайн жетіспейді.
"Елімізде әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін 10 зауыт және өздігінен жүретін техниканы шығаратын 8 кәсіпорын жұмыс істейді. Өкінішке қарай, қазақстандық қамту деңгейі небәрі 42-44 пайыз болады. Негізгі бөлшектер импортталады. Сондықтан түпкілікті өнімнің бағасы соншалықты жоғары және фермерлер үшін қолжетімді емес. Сонымен қатар, көптеген жеңіл ауылшаруашылық құрылғылары мен жем-шөп жинайтын жабдықтар, шөп жинағыштар мен отырғызғыштар шетелде шығарылады. Неге негізінен металдан жасалған бұл қарапайым техниканы жасай алмаймыз? Жалпы Қазақстанда отандық аграрлық машина жасауды дамытудың мемлекеттік саясаты бар ма?" - деп сұрады Әли Бектаев.
Сонымен қатар, сенатор жаңа ауылшаруашылық техникасын сатып алу үшін утильалым қымбат екенін атап өтті. Бұл шаруалардың жаңа техника сатып ала алмай, ескірген тракторлар мен комбайндарды пайдаланып, үнемі жөндеуге мәжбүр болуына алып келеді.