Қазақстанда ауылға көшкен мамандар үшін берілетін төлем құны ұлғаяды

0
229

Ведомствоның бұйрығы 21 маусымға дейін ашық талқылауда болады.


Қазақстанда ауылға көшкен мамандар үшін берілетін төлем құны ұлғаяды

ERNUR.KZ. Ұлттық экономика министрлігі ауылдық жерлердегі мамандарға әлеуметтік қолдауды арттыру бойынша шаралар енгізіп жатыр. Енді ауылдағы мамандар 370 мың теңгеге жуық жәрдемақы алады, деп жазады stan.kz.

Бұйрық жобасы "Ашық НҚА" сайтында көпшілік талқысына ұсынылды.

Жаңа нормаларға сәйкес мамандар 100 АЕК (2024 жылы 369 200 теңге) мөлшерінде айтарлықтай көтерме жәрдемақы алады. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларына, сондай-ақ әкімдер аппаратының мемлекеттік қызметкерлеріне қатысты.

Сонымен қатар ауылдық жерлерге қоныс аударушылар тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие ала алады. Мұндай кредиттің мөлшері ауданның әкімшілік орталығында немесе басқа ауылдық елді мекенде орналасқан жеріне байланысты 2500 АЕК-ге (9,2 миллион теңге) дейін жетуі мүмкін. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар алдағы кезеңде баспанаға мұқтаж мамандар тізімін жасап, жариялауға тиіс. Тізім аудан әкімдігінің сайтында жарияланады және "Отбасы банкіне" беріледі.

Ал баспанаға несие алу үшін өтініш берген мамандардың мерзімі өткен берешегі және кейінгі екі жылда елеулі қарызы болмауы қажет. Үміткерлер сонымен қатар сұранысқа ие мамандықтардың бірі бойынша жұмыс істеуі керек. Ал тиісті ауданда немесе қалада меншігінде кейінгі екі жылда тұрғын үй болмауы шарт.

Бұдан басқа қызметкерлерге әлеуметтік қолдау шараларынан бас тартуға мүмкіндік беретін ереже алып тасталды.

"Бұл жаңа шаралар Қазақстанның ауылдық жерлеріне қажет мамандарды тартуға және сонда тұрақтатуға бағытталған. Бұл елді мекендердегі қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.

Ведомствоның бұйрығы 21 маусымға дейін ашық талқылауда болады.