Қазақстанда автомектептерге талап күшейеді

0
143

Жаңа талап бойынша автомектептерде автодром, оқу көліктері және білікті нұсқаушылар болуы қажет.


Қазақстанда автомектептерге талап күшейеді

ERNUR.KZ. Қазақстанда автомектептердің жұмысына қойылатын талап күшейтілмек. Енді жүргізушілерді даярлайтын ұйымдар лицензия алып, нақты материалдық базасы бар екенін дәлелдеуге тиіс. Бұл өзгеріс нарықтағы сапасыз және қағаз жүзінде ғана жұмыс істейтін автомектептердің азаюына әкеп соғу мүмкін, деп жазады stan.kz.

Жаңа талап бойынша автомектептерде автодром, оқу көліктері және білікті нұсқаушылар болуы қажет. Мамандардың айтуынша, мұндай бақылау жүргізуші даярлау сапасын арттырып, жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Әзірге Қазақстанда автомектеп ашу үшін мемлекетке жұмыс бастағаны туралы хабарлама беру жеткілікті. Соның салдарынан бұл салада ұйым саны көп болғанымен, олардың бәрінің бірдей сапалы білім беріп отырғанына күмән бар. Сарапшылар кейбір автомектептер курсанттарды толық оқытпайтынын, ал енді бірі қажетті анықтаманы ғана рәсімдеп берумен шектелетінін айтады.

Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер үшін мұндай өзгеріс әсіресе үлкен қалаларда маңызды. Алматыдағы көлік қозғалысының тығыздығы, кептеліс пен жолдағы күрделі жағдай жүргізушіден ережені жақсы білуді ғана емес, рөлде сенімді әрекет етуді де талап етеді.

Төрт баланың анасы Жүрсінкүл Оразбаева көлік жүргізуді үйренуді тұрмыстық қажеттілік деп санайды. Оның сөзінше, қоғамдық көлікпен, әсіресе қыс мезгілінде, баламен жүру қиын.

“Баламмен қоғамдық көлікте жүру өте қиын. Қыста кептеліс көп, автобустар лық толы болады, бала мазасызданады. Сондықтан автомектепке барып, жүргізуші куәлігін алуды шештім. Құқықты сатып алғым келмеді, өйткені жол ережесін білмей көлік жүргізу өте қауіпті”, – дейді ол.

Сала өкілдері лицензиялау тәртібі енгізілсе, автомектептер үшін бұл үлкен сынақ болатынын айтады. Себебі лицензия алу үшін оқу процесі ғана емес, материалдық база да тексеріледі.

“Бұл формалды түрде ғана жұмыс істейтін жалған автомектептерді жабуға мүмкіндік береді. Мемлекет оқу базасын да, оқу процесін де бақылай алады. Лицензия алу оңай емес, ол қомақты қаржыны және Ішкі істер министрлігінің барлық талабына сай болуды қажет етеді”, – дейді жеке онлайн автомектеп өкілі Мұратжан Бахавдинов.

Мамандардың пікірінше, жүргізушілерді даярлау жүйесін жаңарту қажеттігі жол апаттарының көбеюімен де байланысты. Әсіресе, автомектеп түлектерінің қатысуымен болатын апаттар қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр.

Автосарапшы Алексей Алексеев қазіргі оқыту жүйесі заман талабына сай емес деп есептейді.

“2025 жылы Қазақстан жолдарында 2330 адам қаза тапты. Бұл – бір шағын қала немесе ауылдың халқымен тең. Бізге түбегейлі реформа қажет. Қазір жүргізушілерді 50-70 жыл бұрынғы әдіспен оқытып жатырмыз. Мен 30 жыл бұрын құқық алған кезде де билеттер дәл осындай болатын”, – дейді сарапшы.

Қазір елде 700-ден астам автомектеп тіркелген. Алайда тәжірибелік сабақ өткізуге арналған автодромдар саны өте аз. Мәселен, Алматыда мұндай нысан небәрі екеу ғана. Сондықтан жүздеген автомектептің курсанттарды нақты қайда және қалай даярлап жүргені өзекті сұрақ күйінде қалып отыр.