Қазақстанда балаларды қаржы пирамидасына қарсы тұруға үйретеді

0
643

Еліміздегі балалар кибералаяқтық әрекетіне қатысты сауатын ашпақ.


Қазақстанда балаларды қаржы пирамидасына қарсы тұруға үйретеді

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Цифрлық сауатты арттыру және балалар мен студент жастардың қаржылық білім алуына ерекше көңіл бөлінеді. 2020-2021 жылдары OYLA жастар ғылыми-көпшілік журналында мемлекеттік және орыс тілдерінде алаяқтық пен қаржы пирамидасына қарсы іс-қимыл тақырыбы бойынша 20 арнайы қосымша жарияланды. Агенттік 2021 жылдан бастап қазақстандық мектептерде балаларға арналған қаржылық сауат бойынша, оның ішінде «Қауіпсіз интернет және балалар киберқауіпсіздігі» тақырыбында 10-нан астам тегін сабақ өткізді», - деді Нұрлан Әбдірахманов депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның мәліметінше, биыл 29 сәуірден бастап мектептерде интернет-алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл тақырыбында дәріс өткізу жоспарланған.

«Агенттіктің Қазақстанның жоғары оқу орындары қауымдастығымен ынтымақтастығы аясында «Тұран» университетінің базасында, жоғары оқу орнының сайтында және әлеуметтік желілерде алаяқтық және қаржы пирамидасына қарсы іс-қимыл тақырыбында ақпараттық-түсіндірме материалдар жарияланады. Сонымен қоса Fingramota.kz сайтының баннері және «FinIQ» бағдарламасының 38 бейнеролигі мен 14 шығарылымы көрсетіледі», - дейді ол.

Айта кетейік, аталған жоба аясында FinGramota.kz 20 сәуірден бастап қазақстандық мектептер мен ЖОО-ларда қаржы сауаты бойынша апталық өтті.

Одан бөлек, ведомство ҚҚҚ, АФМ, Бас прокуратура, сондай-ақ қаржылық және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, оқушылар мен студенттер үшін дәрістер, дөңгелек үстелдер және олимпиадалар өткізбек.

Қазірдің өзінде Алматы қаласында 15-тен астам оқу орны қамтылды.