Заң жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, елдегі бүкіл букмекерлік кеңсе мен тотализаторлар Ақмола және Алматы облысында шоғырланады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар арнайы ойын аймақтарына көшірілуі мүмкін. Мәжіліс ойын бизнесі туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Елімізде арнайы ойын аймақтары екі облыста – Ақмола облысындағы Бурабай курорты мен Алматы облысындағы Қапшағай қаласында орналасқан. Заң жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді елдегі бүкіл букмекерлік кеңсе мен тотализаторлар осы екі өңірде шоғырланады.
"Жұмыстан шыққан адам үйге жеткенше жолда он шақты букмекерлік кеңсе, басқасы бар, қалтадағы ақшаны ойынға салады. Үйге келгенде соқыр тиын да қалмайды, осыдан кейін қылмысқа да баруы мүмкін. Ойнайтын кісі көлікке отырып, елу шақырым ба, жетпіс шақырым ба, соған барып ойнайды", -деді мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Сонымен қатар, заң жобасында Алматы облысы Талғар ауданының Алатау ауылдық округінде, Панфилов ауданының Пенжім ауылдық округінде және Маңғыстау облысы Каспий теңізінің жағалауында казино мен ойын автоматтары залдары орналасатын үш жаңа ойын аймағын құру көзделген еді.
Алайда мәжіліс депутаттары заң жобасын талқылау барысында қосымша ойын аймақтарын ашу туралы норманы алып тастады.
Тек спортқа ставка қоюға рұқсат етіледі
Ойын бизнесі туралы заң жобасының жаңашылдығы – букмекерлік кеңселерге тек спорттық оқиғаларға ставка қоюға рұқсат етіледі. Яғни, ставка қоюға болатын оқиғалар тізімі тек спорттық шаралармен шектеледі.
"Қазақстандағы букмекерлік қауымдастықтың ақпараты бойынша тек қана спорттық оқиғаға қойылатын ставкалардың саны 85%-тен асады. Ауа райына, мәдени оқиғаларға, сайлау нәтижелеріне ставкалар болатынын білеміз. Бірақ олардың үлесі өте аз", - деді мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Сонымен қатар, азаматтарға құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өзін-өзі шектеу құқығы беріледі.
Жақын туыстарының өтінішімен соттың құмар ойындарды және бәс тігуді теріс пайдаланатын адамдарды әрекет қабілеті шектеулі деп тануына мүмкіндік беріледі.
Ставканы есепке алу орталығы құрылады
"Уәкілетті мемлекеттік органдарды букмекерлік кеңселер мен ойыншылардың арасындағы ақша операциялары туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ, бәс тігуге қатысудан шектеу тетігін іске асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру көзделеді", деді министр.
Бұған букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың айналымы туралы нақты мәліметтердің жоқтығы себеп болған.
Райымқұлованың айтуынша, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға түсетін барлық төлемнің бірыңғай есебі көлеңкелі айналымды болдырмауға, салықтың жиналуын арттыруға, бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Ставкаларды есепке алу орталығында букмекерлік кеңсеге қолма-қол немесе электронд төлем жүйесі арқылы түсетін барлық төлем ескерілуі тиіс.
Бұдан бөлек, бәс тігуге қатысатындардың деректер қоры жалпыға бірей декларациялауды енгізуге, бәс тігуге қатысатын клиентті шектеу және клиенттің өзін өзі шектеу рәсімін енгізуге ықпал етеді.