Қазақстанда баспана қымбаттай ма?

0
592

Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің айтуынша, баспана нарығында бастапқы нарықтағы тұрғын үйлер қымбаттап жатыр.


Қазақстанда баспана қымбаттай ма?

ERNUR.KZ. Сарапшы 2020 жылдың соңында және 2021 жылдың басында Қазақстанда баспана бағасы қалай өзгеретінін айтты, деп жазады Tengrinews.kz.

Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің айтуынша, баспана нарығында бастапқы нарықтағы тұрғын үйлер қымбаттап жатыр. Бұл элит, бизнес және жайлы санаттағы пәтерлерге қатысты екен.

Сарапшының сөзіне қарағанда, бағаның қымбаттауы құрылыс заттарының шетелден әкелінуімен байланысты.

Ал эконом санаттағы баспананың бағасы, сарапшының айтуынша, өзгеріссіз, бірқалыпты.

"Себебі барлық мәміле екінші деңгейдегі банктер мен тұрғын үй бағдарламаларының операторлары арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламалар тарапынан алынған субсидияланған ипотекалық қарыздар негізінде жүргізіледі. Экономкласс - бүгінгі таңда сату-сатып алу процестері ең белсенді жүріп жатқан санат.
Сонымен қатар, бұл үйлер 80 пайыз қазақстандық құрылыс материалдарынан салынып жатыр. Сондықтан олардың бағасы көтерілмейді", - дейді ол.

Жылжымайтын мүлік Федерациясы президентінің болжамы бойынша, 2020 жылдың соңында және 2021 жылдың басында баспана қымбаттамайды.

"Карантин салдарынан халықтың көбі табысынан айырылды. Көптеген сала қызметкері жұмыссыз қалды. Пәтер иелері клиенттерін жоғалтты. Сондықтан тұрғын үй бағасы өсуінің алғышарттарын көрмеймін", - деді Мүсірепов.