Қазақстанда бір басында бірнеше пәтері барларға салықты көтеру ұсынылды

0
211


Қазақстанда бір басында бірнеше пәтері барларға салықты көтеру ұсынылды

Фото: ChatGpt арқылы жасалды
ERNUR.KZ. Қазақстанда екінші, үшінші және одан да көп баспанасы бар азаматтарға салық мөлшерлемесін көтеру ұсынылды. Бастаманы Отбасы банк төрайымы Ләззат Ибрагимова көтеріп отыр. Оның пікірінше, салықты баспана санына қарай саралау жылжымайтын мүлік нарығындағы алыпсатарлықты азайтып, үй бағасын тұрақтандыруға көмектеседі, деп жазады Stan.kz.

Қазір елімізде шамамен 1 миллион адамның екі баспанасы бар. Тағы 219 мың азаматтың үш үйі, 80 мың адамның төрт-бес пәтері бар. Ал 17 мыңға жуық қазақстандықтың меншігінде кемінде алты, кей жағдайда 10-ға дейін тұрғын үй бар.

Осыған байланысты екінші баспанадан бастап салық мөлшерін біртіндеп арттыру ұсынылып отыр. Мысалы, бірінші пәтерге жылына 10 мың теңге салық салынса, екінші баспанаға 15 мың, үшінші үйге 20 мың теңге төлеу сияқты сараланған жүйе енгізілуі мүмкін.

Алайда бұл ұсынысты сарапшылардың бәрі бірдей қолдамайды. Тұрғын үй нарығының сарапшысы Александр Пак мұндай салықтың нарықтағы бағаға айтарлықтай әсер ететініне күмән келтірді. Оның айтуынша, бірнеше пәтер сатып алуға қаржысы бар азаматтар салық өскен күннің өзінде баспана алуды жалғастыра береді.

Сарапшының пікірінше, салықты көтеру жалға берілетін баспананың бағасын керісінше қымбаттатуы мүмкін. Өйткені пәтер иелері қосымша шығынды жалға алушылардың мойнына жүктеуі ықтимал.

“Нарық пен бағаға ұсыныстың ұлғаюы, ипотеканың қолжетімді болуы және халық табысының артуы ғана ықпал ете алады. Сол кезде ғана нарық тұрақтанады. Оның үстіне бізде сән-салтанат салығы бар. Егер 10 пәтердің жиынтық құны белгіленген шекті сомадан асып кетсе, оның иесі онсыз да қосымша салық төлейді”, – деді Александр Пак.

Сарапшы тұрғын үй бағасын тұрақтандыру үшін салықты арттырудан бұрын ипотеканың қолжетімділігін кеңейту қажет деп санайды.

Ал Ләззат Ибрагимова алдағы уақытта жалға берілетін тұрғын үй нарығын да реттеу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл үшін секторды толық цифрландыру көзделген.

Жаңа жүйе іске қосылса, пәтер иелері баспанасын арнайы платформа арқылы жалға беріп, салық төлемдерін де сол жерден рәсімдей алады. Осылайша жалға берілетін тұрғын үй нарығын барынша ашық ету көзделіп отыр.