Қолданыстағы ережелер шеңберінде дәрі-дәрмектерді Қазақстанда айналымға жіберу рәсімі көп уақыт алатын – шамамен 2 жылдан 5 жылға дейін.
ERNUR.KZ. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында дәрілік препараттарды тіркеу және олардың айналымы саласында рәсімдерді оңтайландыру және «бір терезе» қағидаты бойынша қызметті енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Спикер түсіндіргендей, қолданыстағы ережелер шеңберінде дәрі-дәрмектерді Қазақстанда айналымға жіберу рәсімі көп уақыт алатын – шамамен 2 жылдан 5 жылға дейін.
«Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, композиттік қызметті пилоттау жүргізіліп жатыр. Композиттік қызмет шеңберінде ішкі тіркеу процестерін оңтайландыруды көздейтін норма іске асырылмақ. Дәрілік препараттарды тіркеу 100 күн ішінде жүргізіледі», – деді Ержан Нұрлыбаев.
Тағы бір жаңалық – Еуропалық Одақ, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания елдерінен әкелінген дәрі-дәрмектерді жедел тіркеу. Дәрілік препараттарды тіркеу мерзімін 15 жұмыс күні ішінде жүргізу жоспарда бар. Сондай-ақ вице-министр ведомство дәрілік заттарға баға белгілеудің ашық моделін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізгенін атап өтті.
«Баға моделі өзгертілді. Біздің ойымызша, дәрілік заттардың шекті бағасына негізсіз қосылған үстеме бағалар алынып тасталды. 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген барлық дәрілік препаратты қайта есептеу жүргізіледі. Қазір фармацевтикалық қоғамдастықпен аталған модельді сынақтан өткізуге қатысты белсенді жұмыс жүргізілуде. ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік препараттардың құны шамамен 19%, көтерме-бөлшек саудада шамамен 30% төмендейді деп күтілуде», - деді спикер.