"Қазақстанда екінші апта қатарынан азық-түлік қымбаттамады" - Үкімет

0
615

Қабылданған шаралар есебінен екінші апта қатарынан картоп (-0,4 пайыз), пияз (-1,3 пайыз) және сәбіз (-2 пайыз) бағасының төмендеуі байқалады.


Қазақстан үкіметі елде екінші апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің нөлдік өсімі тіркелгенін мәлімдеді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ. премьер-министр сайтына сілтеме жасап.

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағаларын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы өсу индексі 0,0 пайызды көрсетті. Қабылданған шаралар есебінен екінші апта қатарынан картоп (-0,4 пайыз), пияз (-1,3 пайыз) және сәбіз (-2 пайыз) бағасының төмендеуі байқалады. Бір апта ішінде қырыққабат бағасының өсу қарқыны 0,1 пайызға төмендеді.

Өңірлерде "айналым схемасын" қаржыландыру 47,9 миллиард теңгеге жетті. Нысаналы деңгей 95,7 пайызға қамтамасыз етілді. "Айналым схемасы" бойынша тиімді жұмыс Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында байқалады.

Шығыс Қазақстан облысының көтерме жеткізушісімен монополияға қарсы комплаенстің 1 актісі жасалды. Жалпы, республика бойынша өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен монополияға қарсы комплаенстің 140 актісі жасалды.

Өңірлер әкімдіктеріне "айналым схемасы" бойынша қаржыландыруды ұсынылған көлемдерге жеткізу, азық-түлік бойынша бес айлық қорды қамтамасыз ету, сауда желілері мен өндірушілер арасында форвардтық келісімшарттар жасасуды уақытылы ұйымдастыру тапсырылды.