Қазақстанда газдандыру деңгейі көтеріліп келеді

0
600

Ведомство 150-ге жуық жоба үшін 105 миллиард теңге қосымша қаржы бағыттады.


Қазақстанда газдандыру деңгейі көтеріліп келеді

Ел тұрғындарының жайлы ортада өмір сүруіне ерекше әсерін тигізетін бағыттың бірі – табиғи газбен қамту саласы. Тиісінше, Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстар Энергетика министрлігінің жетекшілігімен тоқтаусыз жүргізіліп, жыл сайын оң нәтиже қалыптасып келе жатыр. Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жіті бақылауында десек қателеспейміз. Мәселен былтыр көктемде Президент 2024 жылдың соңына дейін үш жүз мыңнан астам халыққа көгілдір отын жеткізуді және мыңдаған шақырым газ желісін жаңартуды тапсырып, табиғи газ саласы мемлекеттік саясаттың назарынан түспейтінін анық білдірген болатын. Сол себепті осы тапсырманы жүзеге асыру үшін ведомство 150-ге жуық жоба үшін 105 миллиард теңге қосымша қаржы бағыттады.


Сәйкесінше, 2024 жылдың басындағы көрсеткіш бойынша ел тұрғындарының алпыс пайызы табиғи газ тұтынып отырған болса, жыл соңында бұл көрсеткіш 1,8 пайызға артып, 140 елдімекен көгілдір отынға қол жеткізді.


Ал, 2025 жылдың басында Энергетика министрлігі жеті елдімекенді табиғи газбен қамту мақсатында іске асырылатын қырық бес жобаға 65 млрд 900 млн теңге бөлінгенін хабарлаған еді. Аталған жұмыстар нәтижесінде республикалық газдандыру көрсеткіші 62 пайызға жеткізіліп, 12 млн 400 мыңнан аса тұрғынға көгілдір отын қолжетімді болмақ.


Мемлекет тарапынан қолға алынған ауқымды жобаның бірі Атырау облысында іске асрылып жатыр. Сонымен қатар, Жетісу өңірінде 66 елдімекенге табиғи газ жеткізіп, 125 мыңға жуық тұрғынның тұрмысын жеңілдететін жоба аясындағы жұмыстар жалғасын табуда. Қызылорда өңірінде де былтырдан бері газдандыру жұмыстары жанданған, биыл тағы оннан аса елдімекенге көгілдір отын қосылмақ.


Жалпы, 1300-ден аса елдімекенге көгілдір отын жеткізілген елімізде көптеген бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, 2030 жылға дейін жоспарланған ұзақмерзімді ұлттық бағдарлама аясында табиғи газбен қамту көрсеткіші 80 пайызға жеткізіліп, оннан аса өңір 100 пайыз газдандырылады деп жоспарланған. Ал, бір ғана 2019 жылы басталған «Сарыарқа» газ магистралы жобасы аясында бүгінге дейін орталықтағы 4 қаланы газдандыру мақсатында мың шақырымнан аса құбыр жүргізілді. Бұл құбырлар арқылы бір миллионға жуық тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді. Сонымен қатар, мыңнан астам ауылға табиғи газ тартуға негізделген «Нұрлы жол» бағдарламасын атап өтуге болады. Одан бөлек, еліміздің әрбір өңірінде жеке-жеке Табиғи газбен қамту жоспары әзірленген. Ел қазынасы жнәе инвестиция тарту арқылы іске асырылатын жобалар әсіресе оңтүстіктегі Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында жүйелі түрде орындалып келеді. Ел экологиясын жақсарту мақсатында қабылданған, дәлірек айтсақ көмір отынан табиғи газға көшіруге негізделген «Жасыл Қазақстан» жобасы да Астана, Алматы, Екібастұз секілді аймақтарына серпін беруде. Еліміздің оңтүстігі мен батысын байланыстыратын «Бейнеу – Бозой – Шымкент» жобасы болса табиғи газ экспортын жандандырып, ішкі таралымды теңестіруге мүмкіндік сыйлағалы тұр. Биыл ұзындығы 300 шақырымнан асатын «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры желісінің құрылыс мәресіне жеткізіледі деп көзделіп отыр. Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасыым-Жомарт Тоқаевдың тапсырмасымен іске асырылып жатыр. Жетісу өңіріндегі жетпіске жуық ауылдың игілігін арттыратын жобаның құрылысы мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін.


Еліміздегі өңірлерді газдандыру деңгейіне тоқталар болсақ, алдымен Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының 100 пайыздық көрсеткішке ие екендігін атап өту керек. Ал, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар өңірлеріндегі көрсеткіш төмен. Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында табиғи газбен қамту жұмыстарының қарқыны жоғары болып тұр.


Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда елордадағы газдандыру көрсеткіші тоқсан пайызға жетіп, соңғы жылдары 200 000-ға жуық үй-жайға көгілдір отын беріліпті. Ал Алматы өңірінде бұл көрсеткіш 65 пайызды құрап тұр. Дегенмен биыл қырыққа жуық елді мекенге табиғи газ берілмек. 2024 жылы жетпіс елді мекенге газ берілген Түркістан облысындағы көрсеткіш – 76 пайыз. Көршілес Жамбыл облысында соңғы екі жылда тоқсан мың адам көгілдір отын тұтынуға мүмкіндік алып, көрсеткіш 63 пайызға дейін көтерілген. Еліміздің солтүстігіндегі өңірлерде өкінішке қарай табиғи габен қамту көрсеткіші өте төмен болып тұр – бар болғаны 20 пайыз. Тұрғындар аталған проблеманы уақытша шешу үшін газ баллондарының қызметіне жүгінуге мәжбүр. Дегенмен биыл Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында пилоттық режимдегі жобалар бастау алды. Батыстағы өңірлерде табиғи газ мәселесі жоқ. Жалпы, еліміз газ қоры бойынша дүниежүзілік рейтингте 22-ші орынды иеленіп тұр. Бұл ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге де, газ экспортын дамытуға да жеткілікті көрінеді. Тағы бір айта кетерлік ақпарат – соңғы 5 жылда табиғи газ саласына 7 жүз миллиард теңгеден аса инвестиция салынған.


Аталған жұмыстардың нәтижесінде көмір тұтыну азайып, ауа сапасы жақсарып, экологиялық ахуалдың дұрысталуына септігін тиігізіп жатыр. Оған қоса, қазақстандық отбасылардың тұрмысы жеңілдеп, өмір сүру сапасы көтеріліп, отынға жаратылатын шығын да едәуір азайды.


Тағы бір атап өтетін жаңалық – табиғи газ саласындағы цифрландыру үдерісіне байланысты. Дәлірек айтсақ, еліміздің кейбір өңірлерінде жағылған газ көлемін есептейтін құрылғылардағы деректерді мобильді қосымшамен автоматта түрде жіберуге болатын пилоттық жоба іске қосылды. Аталған электрондық жоба Қостанай облысы, Қызылорда облысы және Түркістан облысында пилоттық режимде сынақтан өткізілуде. Бүгінгі күнге дейін бұл қосымшаны жеті мыңнан астам азамат қолданып үлгерген.


Аталған қосымшаны қолдау өте қарапайым көрінеді. Атап айтқанда, қолданушы бірінші есептегішті суретке түсіреді, содан соң жасанды интеллект секілді ақпараттық жүйе көрсеткіштерді есептейді. Осылайша газ есептегіш құрылғыларын бақылайтын қызметкерлердің жұмысы жеңілдейді, есептеу процесін жедел орындап, қателіктердің алдын алады.


Бұл жаңалықты енгізген «QazaqGaz Aimaq» өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, жаңа қосымша қызметкерлердің жүктемесін жеңілдетіп, тұтынушылар мен га таратушы арасындағы ашықтық деңгейін арттырады. Сонымен қатар, ел арасындағы табиғи газды тиімді пайдалану дағдысын дамытуға ықпал етеді.


Сондай-ақ, алдағы уақытта аталған мобильді қосымша ұсынатын қызмет түрі көбейтілмек. Дәлірек айтсақ, жаңғырту жұмыстарынан соң тұтынушылар газ есептеу құрылғыларын бақылауға қатысты ескерту хабарламаларын, табиғи газ жүйесіне арналған жоспардағы жұмыстар туралы ақпараттарды алу және төлем тарихын көру мүмкіндіктеріне ие болады. Одан бөлек жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін кеңесші әрі көмекші іске қосылып, тұрақты тұтынушыларды ынталандыру мақсатында түрлі сыйақылар енгізілетін болады. Бұл мемлекет билігінің, оның ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің тұрғындарды табиғи газбен қамту және сапалы әрі тиімді қызмет кеөрсету саласына ерекше мән беретіндігінің, сонымен қатар ақпараттық технологияның ағымынан қалмайтындығының бір белгісі.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ