Қазақстанда қайтарылған активтер есебінен 483 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба қаржыландырылды

0
115

​Қазақстанда 2023 жылдан бастап «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңы қолданыста.


Қазақстанда қайтарылған активтер есебінен 483 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба қаржыландырылды
ERNUR.KZ. Қайтарылған активтерді басқару бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, Арнайы мемлекеттік қор құрылды. Бүгінгі таңда оған түскен қаражаттың жалпы сомасы 593,2 млрд теңгені құрады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков мәлімдеді.
«Қордан барлық өңір бойынша халық үшін маңызы зор денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, білім беру, спорт, көлік және энергетика салаларындағы 483 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба қаржыландырылды. Қаржыландырудың жалпы көлемі 553,7 млрд теңгені құрады. Осылайша, мемлекетке қайтарылған активтер бүгінде жаңа мектептерге, ауруханаларға, спорт объектілеріне, сумен жабдықтау жүйелеріне және инфрақұрылымдық жобаларға айналуда», – деп нақтылады спикер.

Комитет басшысы ведомство қызметі шеңберінде жекелеген негіздер бойынша республикалық меншікке айналдырылған мүлікті есепке алу және одан әрі пайдалану жұмыстары жүргізіліп жатқанын қосып өтті.

2025 жылы мұндай мүліктің көлемі 11,1 млн бірлікті құрады. Осы көлемнің ішінен мемлекеттік заңды тұлғаларға құны 5,3 млрд теңге болатын 102,5 мың бірлік мүлік бекітіліп берілді. Одан әрі пайдалануға жарамсыз 3,3 млн бірлік мүлік жойылып, кәдеге жаратылды. Құны 3,6 млрд теңгеге 879 мың бірлік тәркіленген мүлік өткізілді.

«Сонымен қатар сыйға тарту шарттары бойынша мемлекеттің мүлікке құқықтарды иемденуі сынды бағыт бар. 2025 жылы жалпы сомасы 185 млрд теңгеге 152 сыйға тарту шарты жасалды. Қабылданған мүлік мемлекеттік заңды тұлғаларға нысаналы мақсаты бойынша пайдалану үшін бекітіледі», – деп атап өтті Нұрмахан Әділбеков.