Қазақстанда қару алуға рұқсат рәсімдеу жеңілдейді

0
182


Қазақстанда қару алуға рұқсат рәсімдеу жеңілдейді

ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Қазақстанда азаматтық және қызметтік қару-жараққа рұқсат алу тәртібі жеңілдетіледі, хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ішкі істер министрінің жаңа бұйрығына сәйкес, құжат рәсімдеу кезінде азаматтар бұрынғыдай көптеген анықтамаларды өздері жинамайды. Енді қажетті мәліметтердің басым бөлігін мемлекеттік органдар цифрлық жүйелер арқылы өздері тексереді

Жаңа өзгерістер 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді. Реформа қаруды сатып алу, сақтау, алып жүру, тасымалдау, елге әкелу және әкету, сондай-ақ тирлер мен атыс алаңдарын ашуға қатысты барлық негізгі рұқсат рәсімдерін қамтиды.

Енді азаматтар бірқатар анықтамаларды өздері жинамайды. Атап айтқанда, сотталғанының бар-жоғы, экстремизм, терроризм немесе ұйымдасқан қылмысқа қатысы туралы мәліметтерді Ішкі істер министрлігі Бас прокуратураның цифрлық жүйелері арқылы өзі алады. Бұл талаптар шетел азаматтарына қолданылмайды.

Сонымен қатар жеке куәлік көшірмесін, заңды тұлғаны тіркеу құжаттарын және мемлекеттік баждың төленгенін растайтын түбіртекті ұсыну талабы алынып тасталады. Бұл ақпараттар мемлекеттік дерекқорлар мен «Цифрлық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы автоматты түрде тексеріледі.

Қару мен оқ-дәрі айналымына қатысты лицензиялар мен рұқсаттар да «Е-лицензиялау» жүйесі арқылы рәсімделеді. Бұл азаматтардың құжат тапсыру жүктемесін азайтады.

Жаңартылған талаптарға сәйкес, аңшылық қаруға байланысты ережелер де нақтыланды. Енді аңшы куәлігі Экология және табиғи ресурстар министрлігі бекіткен жаңа үлгіге сай болуы тиіс. Ал өзін-өзі қорғау үшін қару алатын азаматтардан аңшы куәлігі талап етілмейді.

Сондай-ақ қару алуға шектеу қоятын құқық бұзушылықтар тізімі кеңейтілген. Оған Қылмыстық кодекстің 108-1 және 109-1 баптарындағы кейбір құқық бұзушылықтар енгізілген.

Қаруды тасымалдау тәртібі де жеңілдетіледі. Енді арнайы көлікке меншік немесе жалға алу құжатын ұсыну қажет болмайды. Бұл мәліметтер мемлекеттік жүйелер арқылы тексеріледі.

Заңды тұлғалар үшін де рәсімдер қысқартылды. Мәселен, тир немесе атыс алаңын ашу кезінде мемлекеттік тіркеу құжатын ұсыну талап етілмейді, өйткені деректер автоматты түрде базалардан алынады.