Қазақстанда Қашағаннан кем емес мұнай кен орны табылды

0
112

Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев айтты.


Қазақстанда Қашағаннан кем емес мұнай кен орны табылды

Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

ERNUR.KZ. Астана қаласында өткен геологиялық форумда ол мұндай қазба байлықтың "екінші Қашаған" аталуы мүмкін екенін растады, деп жазады inbusiness.kz.

Оның сөзінше, геологиялық барлаудың негізгі бағыты Қаратон, Қажығали және Жылыой учаскелерін қамтитын "Жылыой карбонат платформасы" болған.

– Ашылған Қаратон, Қажығали және Жылыой карбонатты массиві Қашаған кен орнының құрылымын қайталайды. Массивтің ресурстық әлеуеті – 4,7 млрд тонна (көмірсутектер). Бұл Қашағанның геологиялық әлеуетімен шамалас. Десе де, Қашаған таяз теңіз аймағында орналасқандықтан, үлкен капиталдық шығынды талап етеді. Ал бұл массив құрлықта орналасқан. Осылайша, капиталдық шығын едәуір төмендейді, – деді Құрманғазы Есқазиев.

Жалпы, Жылыой карбонатты массивінің ресурстық әлеуеті 20 млрд тонна шартты отынға бағаланып келеді.

Ал Қаратон учаскесінде 5750 метр тереңдікке дейін ұңғыма бұрғыланып, оң нәтиже берген және 5 перспективалы нысан анықталған.

Компания өкілі Қаратонда табысты нәтиже алынғаннан соң барлау жұмыстары Қажығали учаскесінде кеңейтілетінін сөз етті. Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану келісімшартын алу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Жаңа жоба қолданыстағы өнімді бөлу туралы келісімдерге қатысы жоқ және бөлек жүзеге асырылмақ. Жобаға серіктес ретінде басқа компаниялар тартылады, соның арасында "Татнефть" те бар.