Қазақстанда кедейлік деңгейі 21%-ға өскен – Мәжіліс депутаты

0
2 554

Әсіресе ауыл халқының жағдайы нашарлаған.


Қазақстанда кедейлік деңгейі 21%-ға өскен – Мәжіліс депутаты

Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен азаматтардың саны 1 млн 65 мың адамнан асқан. Өткен жылмен салыстырғанда, кедейлік көрсеткіші 21%-ға өскен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министрдің атына жолдаған сауалында айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Халықтың кедейлігі – ұлттық қауіпсіздікке тікелей кері әсер ететін басты проблема! Аса өзекті мәселе – ауылдағы кедейлік. «Nur-Otan» партиясы «әлеуметтік мұқтаж адамдар мәселесін экономикалық тұрғыда шешу маңызды» деп есептейді», - деді Ерлан Саиров өз сауалында.

Бұл мәселені шешудің оңтайлы әдісі ретінде мәжілісмен әл-ауқаты төмен азаматтарды микрокредитпен қамтамасыз етуді және азаматтардың бизнес-сауатын арттыруды ұсынды.

«Несиелендіру бағыты бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында 2021 жылдың бюджеті 20 млрд теңгені ғана құрап отыр. Яғни, биыл шағын несие алушылардың саны 5 200-ге азаяды. Пандемия кезінде, Ұлттық экономика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің кері позициясы бізге түсініксіз», - деп депутат қос министрлікті сынға алды.

Ол микрокредиттеудегі кепілзат мәселесін шешуді ұсынды. Сонымен қатар, 10 жыл жұмыс істеп отырған шағын несие беруде тәжірибесі бар Ауыл шарушалығын қаржылай қолдау қоры не себепті жабылатынын сұрады.

«Мемлекет қарапайым халық мүддесі тұрғысынан қорды сақтауы қажет. Өйткені, өздері қиналып отырған ауылдағы ұсақ шаруалар мен зәру адамдардың қаржы көзінен түбегейлі қағылу қаупі басым», - деді ол.

«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Елнұр Бейсенбаев ауылда микро-бизнесті дамытудың басты аспектісі тұтыну және қызмет көрсету кооперативтерін құру деп санайды.

«Халықаралық тәжірибеде бұл кооперативтер өнімді өңдеу, өткізуге көмектесу, ветеринария, мал азығын дайындау бойынша қызмет көрсету, жаңа технология, жаңа тұқымдар жөнінде білім таратумен айналысады. Осындай кооперативтерді, әсіресе, шалғай елдімекендерде құру өте өзекті. Алыстағы ауыл арзан несиеге зәру, жеткізетін амал жоқтың-қасы», - деп инфрақұрылым мәселесіне де тоқталды.

Айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бірнеше аймақта «егістіктен сөреге дейін» кооперациялық тізбек» жасау жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берген. Осы бастама бойынша 2 млн ауыл тұрғынының кірісін өсіру қарастырылған. Депутаттың айтуынша, бүгінде бұл тапсырма тек қағаз жүзінде орындалған, ал қаражат зәру адамдарға жетпеген.