Қазақстанда кадр тапшылығы байқалатын өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылуда.
ERNUR.KZ. Қазақстанда еңбек күші артық өңірлерден кадр тапшылығы бар аймақтарға ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып, мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қоныс аударушылар мен қандастарға тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық мобильділік сертификатының мөлшері 1 625 айлық есептік көрсеткішке (АЕК), яғни шамамен 7 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Жаңа тетік азаматтардың жаңа өңірге көшіп қана қоймай, сол жерде тұрақты қоныстанып, жеке баспаналы болуына мүмкіндік беруді көздейді.
Экономикалық мобильділік сертификаты тұрғын үй сатып алуға, үй салуға немесе ипотекалық тұрғын үй несиесінің бастапқы жарнасын төлеуге беріледі. Бұл қаражат бір реттік, өтеусіз және қайтарымсыз негізде ұсынылады. Алайда сертификат тұрғын үйдің толық құнын емес, оның 50 пайызына дейінгі бөлігін, бірақ 1 625 АЕК-тен аспайтын соманы ғана жабады.
Бұдан бөлек, бағдарлама аясында қоныс аударушыларға бірқатар әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, отбасы басшысы мен әрбір мүшесіне көшуге арналған біржолғы субсидия ретінде 70 АЕК көлемінде төлем беріледі. Сондай-ақ тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтердің шығынын өтеу үшін отбасы құрамына және қоныстанатын елді мекенге қарай 12 ай бойы ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін өтемақы төленеді. Сонымен бірге қатысушыларды жұмысқа орналастыруға, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға қолдау көрсетіледі.
Бағдарламаға қатысушылардың да қатары кеңейтілді. Енді оған еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, жұмыссыз немесе жұмыс іздеуші ретінде тіркелген азаматтар, шаруа және фермер қожалықтарының басшылары, сондай-ақ қандастар қатыса алады. Азаматтарға көшпей тұрып-ақ жұмыс берушіні таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Осы мақсатта қабылдаушы өңірлердің өкілдері жұмыс күші артық облыстарда бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастырады.
Бағдарлама толық цифрлық форматқа көшірілген. Азаматтар migration.enbek.kz порталы арқылы қабылдаушы өңірлер туралы ақпаратпен танысып, сұранысқа ие мамандықтар мен бос жұмыс орындарын көре алады және бағдарламаға қатысу үшін онлайн өтінім бере алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2017 жылдан бері өңіраралық ерікті қоныс аудару бағдарламасына 73,9 мыңнан астам адам қатысқан. Соның ішінде 31 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылған.
Қазіргі таңда еңбек күші тапшы өңірлер ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары белгіленген. Айта кетейік, бұрынғы тізімде болған Қарағанды мен Ұлытау облыстары қазіргі қабылдау өңірлерінің қатарына кірмейді. Бұл өзгеріс 2026 жылға арналған ресми құжаттарда нақтыланған.


