Қазақстанда қуаты күшті суперкомпьютер қашан іске қосылатыны белгілі болды

0
581

Қазақстан қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірісті.


Қазақстанда қуаты күшті суперкомпьютер қашан іске қосылатыны белгілі болды

ERNUR.KZ. Биыл Қазақстанда суперкомпьютер іске қосылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде жасанды интеллектті қолдану мәселелерін талқылау кезінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин айтты, деп жазады inform.kz.

«Ең бастысы, есептеу қуатын қалыптастыру керек. Бұл бағыттағы қадамдар бізге қажет болғаннан кейін іске асырылып жатыр. Осы орайда ұлттық компанияларға, университеттерге, мемлекеттік органдарға арнайы хаттарды жолдадық. Яғни қанша есептеу қуаты қажет екенін зерттедік. Сондықтан сұранысқа қарай қазір үш кезеңде суперкомпьютер жасауды және онымен жұмыс істеуді жалғастырып жатырмыз», - деді Қ.Төлеушин.

Вице-министр Қазақстанда бірқатар венчурлық қор құрылғанын және қазіргі кезде осы отандық компанияларды қаржыландыратын тиісті қорларды құру жұмыстары атқарылып жатқанын айтты. Бұл тұрғыда қаражаттың басым бөлігі жасанды интеллектіні дамытуды қаржыландыруға бөлінеді.

«Суперкомпьютерді құрудың бірінші кезеңінде жұмысты тоқтатпау үшін есептеу қуатын шетелден жалға алу ескерілген. Бұл жұмыстар басталды. Екіншіден, тиісті чиптерді сатып алып жатырмыз. Ол үшін «Самұрық-Қазына мен G42 компаниясы арасында бірлескен кәсіпорынды құрдық. Аталған кәсіпорын суперкомпьютерді биыл іске қосады. Үшінші кезеңде суперкомпьютерге арналған деректерді өңдеу орталығының құрылысын жүзеге асыру жоспарланған. Сұраныс жоғары болса, үшінші кезеңді кеңейтілген тәртіпте іске асырамыз», - деді вице-министр.

Еске салсақ, Қазақстан қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірісті.

Биыл ақпан айында «Самұрық-Қазына», Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Presight Қазақстанда суперкомпьютер жасау жобасының негізгі шарттары туралы келісімге қол қойды.