Қазақстандағы бес суицидтің төртеуі ер азаматтардың тарапынан жасалғанын айтты.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов дүниежүзілік психикалық денсаулық күні туралы баяндама жасап, Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсайтындардың саны артқанын айтты, деп жазады stan.kz.
Мәжілісменнің айтуынша, жыл сайын өз-өзіне қол жұмсау салдарынан Қазақстанда 4 мыңға жуық адам о дүниеге аттанады. 2021 жылы 3951 адам суицид жасаған.
"2012-2021 жылдар аралығындағы он жылдық суицид статистикасы бойынша, Қазақстанда күн сайын 8-11 адам өз-өзіне қол жұмсайды. Ал күніне 9-16 адам өз-өзін өлтіруге әрекет жасайды. Қазақстанда ең көп суицид саны анықталған жылдар – 2013, 2015 және 2019 жылдар", − деді Смайлов Парламенттегі отырыста.
Сонымен қатар, ол ерлердің көбірек өз-өзіне қол жұмсауға бейім екенін атап, Қазақстандағы бес суицидтің төртеуі ер азаматтардың тарапынан жасалғанын айтты.
"Жасалған суицидтердің 80%-ы ер адамдар; 20%-ы әйелдер тарапынан орын алды.
2012-2018 жылдары өзіне қол жұмсаудың 48%-ын әйелдер, 51%-ын ерлер жасаған. Соңғы үш жылда өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінде ерлердің үлесі 65%-ға дейін өсті. Ер адамдар әйелдерге қарағанда суицид жасауға бейім екенін көрсетеді және соңғы үш жылда бұл үрдіс күшейе түсті", - деді депутат.