Егер талаптардың бұзылғаны анықталса, жауапты тұлғаларға тиісті шара қолданылмақ.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Білім беру ұйымдары ата-аналардан мектеп формасын нақты бір өндірушіден, дүкеннен немесе тігін ательесінен сатып алуды талап етуге еш құқығы жоқ, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Алматы облысы білім басқармасының мәліметінше, мектеп формасына қойылатын талаптар салалық министрліктің бұйрығымен реттеледі. Мектептер оқушылардың сыртқы келбетіне қатысты бірыңғай стильді, түсті және жалпы талаптарды белгілей алады. Алайда ата-ананың мектеп формасын қай жерден сатып алатынын шектеуге заңмен тыйым салынған.
Ведомствоның хабарлауынша, мектеп формасына қатысты барлық шешім ашық қабылданып, оған ата-аналар қауымдастығының қатысуы және қолданыстағы заңнама талаптарына сай болуы тиіс. Білім басқармасы мұндай заңбұзушылықтарға қатысты шағымдар түссе, тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. Егер талаптардың бұзылғаны анықталса, жауапты тұлғаларға тиісті шара қолданылады.
Сондай-ақ, ата-аналардан мектеп формасын тек белгілі бір сатушыдан сатып алуды талап еткен жағдайлар болса, облыстық білім басқармасына немесе аудандық білім бөлімдеріне жүгінуге шақырды.


