Қазақстанда мешіт құрылысы кезінде халық санын ескеру тәртібі енгізілуі мүмкін.
ERNUR.KZ. Қазақстанда мешіт құрылысы кезінде халық санын ескеру тәртібі енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Мешіттердің құрылысына тоқталсақ, бізде тиісті стандарттар бар. Бірақ жасалған ұсыныстар аясында бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру талабы бар. Өйткені бізде адам санына есептемей тұрғызып жатады. Мысалы, бір өңірлерде мешіттер мен шіркеу жоқ болса, ал кейбір жерлерде қалталы азаматтар артығымен салып тастайды. Осы бағытта Түркияны зерделеген болатынбыз. Онда 3 мың адамға бір мешіт қарастырылған», - деді Берік Арын.
Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе жергілікті атқару органдарының құзіретіне қарасты болуы тиіс.
«Бірақ біз сол стандарттарды қайта қарап жатырмыз. Көп мешіттерде автотұрақ ескерілмеген. Сонымен қатар, қаржылық тапшылық салдарынан қараусыз қалған мешіттер де кездеседі. Мешіт салған адам бастапқы кезде 2-3 жыл нысанды күтіп ұстау міндетін өзіне алуы керек деген де ұсыныстар болды. Содан кейін халық санын да назарға алу қажеттігі талқылануда. Осының барлығын ескере отырып, стандарттарға өзгерістер енгізсек деген ойымыз бар», - деп түйді Б. Арын.
Айта кетейік, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Жобада мемлекеттік қызметшілердің дін саласындағы әдебіне байланысты бірқатар талаптар нақтыланған. Отырыс барысында Берік Арын тұрақты айлығы жоқ имамдардың мәселесі шешу бағытында Үкіметке тиісті ұсыныс жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар вице-министр діни бағыттағы балабақшалардың жұмысы тоқтатылғанын жеткізді.