Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлер тексеріледі

0
557

Бұдан бөлек, мүгедектігі бар адамдарға портал арқылы жеткізушілердің іс-әрекетіне шағымдану мүмкіндігі беріледі.


Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлер тексеріледі

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі барлық 116 медициналық-әлеуметтік мекемеге тексеріс жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы министр Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Еңбек министрінің айтуынша, мүгедектігі бар адамдар бар отбасылар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданады. Осы мақсатта әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау жоспарланып отыр.
"Біріншісі – барлық 116 медициналық-әлеуметтік мекемеге арнайы қызмет көрсету стандарттарының сақталуына тексеріс жүргізіледі. Олардың қорытындысы бойынша өңір әкімдерімен бірлесіп функционалдық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар қабылданады", - деді Дүйсенова министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Екіншісі – сыйымдылығы аз үйлерді, әсіресе ауылдағы үйлерді қолдау және дамыту. Бүгінгі таңда осындай 20 үй жұмыс істейді, олардың базасында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің жан басына шаққандағы нормативтері сынақтан өткізіледі. Пилоттың қорытындысы бойынша жаңа тарифтеу жүйесі дайындалады.
Үшіншісі – құралдар немесе тауарлардың жекелеген түрлерін кезең-кезеңімен монетизациялау басталады.
"Облыс орталықтары деңгейінде қымбат және заманауи техникалық компенсаторлық құралдарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін техникалық құралдар парктері құрылады. Жоба "Қазақстан халқына" қорының қолдауымен іске асады", - деді министр.
Төртінші қадам – мүгедектігі бар адамдарды қоғамға тез интеграциялау үшін 12 оңалту орталығын салу жоспарланып отыр.
"Биыл Семей және Кентау қалаларында оңалту орталықтары пайдалануға беріледі. Олар 1 шілдеден бастап алғашқы қызмет алушыларды қабылдайды", - деп мәлімдеді ведомство басшысы.
Сондай-ақ биыл 1 ақпаннан бастап Әлеуметтік қызметтер порталының жаңа форматы жүзеге асады. Министрдің айтуынша, порталда тауарлар мен қызметтердің параметрлері туралы толық ақпарат ұсынылады, жеткізушілерге және тауар сапасына жаңа әрі қатаң талаптар қойылады.
Бұдан бөлек, мүгедектігі бар адамдарға портал арқылы жеткізушілердің іс-әрекетіне шағымдану мүмкіндігі беріледі.