Ағымдағы жылдың 15 наурызында Мемлекет басшысы бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері жөніндегі Заңға қол қойды, оның аясында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы заңнамаға да түзетулер енгізілді.
ERNUR.KZ. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Аслан Калигазин заңнамаға түзетулер енгізілгеннен кейін МЖӘ жобаларын іске асыру рәсімі қалай жүргізілетіні жайлы сөз қозғады.
Спикердің айтуынша, екі сатылы және бір сатылы конкурстарды қолдану тәсілдерін өзгерту маңызды түзету болмақ. Республикалық деңгейдегі МЖӘ-нің кейбір жобаларын қоспағанда, осы уақытқа дейін Қазақстанда екі кезеңдік конкурстар іс жүзінде өткізілмеген.
«Бұл ретте, халықаралық қаржы ұйымдары, керісінше, екі кезеңді іріктеу қажеттілігін көрсетеді. Іріктеудің бұл түрі конкурстың бірінші және екінші кезеңдерінде ең жақсы техникалық-технологиялық және қаржылық шешімдерді таңдау арқылы жеке серіктесті анықтаудың ең жақсы тәжірибесі болып саналады. Осылайша, бұл түзетулер шеңберінде МЖӘ нысанын жобалау мен салуды қамтитын барлық МЖӘ жобаларын екі кезеңдік рәсімдерге ауыстыру көзделеді», – деді Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының басшысы.
Бұдан бөлек, түзетулерде меншікті капитал жобасына инвестициялау жөніндегі әлеуетті жеке серіктестер үшін талаптарды 20%-дан 10%-ға дейін төмендету көзделген. Спикердің айтуынша, бұл түзету конкурстарға қатысуға кедергілерді азайтады, өз қаражатының үлкен көлемін бөле алмайтын, алайда жоспарланған МЖӘ жобаларын іске асыру үшін құзыреті мен мүмкіндіктері бар компаниялар үшін нарыққа кіруді жеңілдетеді. Сондай-ақ, әлеуетті жекеше әріптес конкурстық рәсімдер сатысында біліктілік іріктеуден өту үшін осы қаражатты өз шоттарында «қатыру» қажеттілігі алынып тасталды. Яғни, бұл қаражатты растау МЖӘ шартын жасасқаннан кейін ғана қажет.
«Жобаларды әзірлеу сапасын арттыру үшін МЖӘ саласында консультациялық және сараптамалық қызметтер көрсететін ұйымдарды аккредиттеу енгізіледі. Рәсімнің бағалау сипатын қоспағанда, аккредиттеуді Ұлттық экономика министрлігі өзі бекітетін талаптарға сәйкес жүзеге асырады. Жобаларды жоспарлау мерзімдерін және мемлекеттік бюджеттің рәсімдерді оңтайландыру және үлгілік құжаттаманы қолдану есебінен оларды әзірлеу мен сараптауға арналған шығындарын қысқартуға мүмкіндік беретін «Бағдарламалық МЖӘ» тетігін енгізу жөніндегі түзетулерге жеке тоқталғым келеді. Мәселен, салалық орталық мемлекеттік органдар МЖӘ бағдарламалық жасақтамасының көмегімен МЖӘ жобаларының базалық параметрлерін анықтай алады. Сондай-ақ олар жеке әріптесті айқындау және МЖӘ шартын жасасу қағидаларын, салалық ерекшеліктерді ескере отырып, МЖӘ-нің тираждалатын жобалары бойынша конкурс өткізу үшін дайын үлгілік құжаттар топтамасын өз бетінше бекіте алады», – деді Аслан Калигазин.
Мұндай салалық ережелер мен үлгілік құжаттар мектептер, жатақханалар мен емханаларды салу және пайдалану бойынша тираждалатын жобаларды іске асыру үшін бекітілген. Қазіргі уақытта білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және экология салаларында ұқсас құжаттар әзірлеу және келісу сатысында тұр.