Шомылу маусымы басталғалы 144 адам, оның ішінде 43 бала суға кеткен.
ERNUR.KZ. Өткен демалыс күндері еліміздің су айдындарында 15 адам, оның ішінде 5 бала қайтыс болды, деп жазады ҚазАқпарат.
19 шілде күні Ақмола облысында Жалтыркөл ауылынан 5 шақырым жерде Есіл өзенінен құтқарушылар жабдықталмаған жерде шомылып жүріп, суға батқан 2005 және 2008 жылы туған екі баланың денесін тапты. Олар мұнда туыстарымен бірге демалуға келген.
Қостанай облысында Қайыңды кентінен 7 шақырым жерде Торғай өзенінде 1960 және 1970 жылы туған 2 ер адам суға кетті. Олар жабдықталмаған жерде шомылған. Марқұмдардың денесін куәгерлер алып шыққан.
Шомылу маусымы басталғалы 144 адам, оның ішінде 43 бала суға кеткен.
Мұндай қайғылы оқиғалардың негізгі себептері - өз шамасын білмеу, мас күйінде шомылу, суға батып бара жатқан адамды құтқару және балаларды қараусыз қалдыру.
1 маусымнан бері су айдындарында құтқарушылар 51 адамды, оның ішінде 11 баланы аман алып қалған.