Жаңа тәртіпке сәйкес, мемлекеттік тізілімге енгізілмеген мамандар психологиялық көмек көрсетуге және өзін психолог ретінде таныстыруға құқылы болмайды.
Фото: pexels
ERNUR.KZ. Қазақстанда психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі құрылады. Оның көмегімен азаматтар маманның дипломын, біліктілігін және кәсіби тәжірибесін тексере алады. Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің психология кафедрасының меңгерушісі Әлия Мәмбеталина BIZDIÑ ORTA подкастында айтты, деп жазады inform.kz.
Реестрде маманның дипломы, кәсіби біліктілігі және біліктілікті арттыру туралы мәліметтері көрсетіледі. Сондай-ақ әр психологқа жеке сәйкестендіру нөмірі беріліп, оны әлеуметтік желідегі немесе өзге онлайн платформалардағы парақшасына орналастыру мүмкіндігі қарастырылады.
Осы сілтеме арқылы азаматтар психологтың кәсіби даярлығы мен біліктілігін оңай тексере алады. Сарапшының айтуынша, психология саласында үздіксіз білім алу маңызды болғандықтан, маманның кәсіби дамуы туралы ақпарат та қолжетімді болмақ.
Әлия Мәмбеталинаның пікірінше, бірыңғай тізілім психологиялық қызмет көрсету нарығын реттеуге және арнайы білімі жоқ адамдарды кәсіби психологтардан ажыратуға мүмкіндік береді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, мемлекеттік тізілімге енгізілмеген мамандар психологиялық көмек көрсетуге және өзін психолог ретінде таныстыруға құқылы болмайды.


