Енді Қазақстанда суррогат ана қызметі тек Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын ерлі-зайыптыларға ғана қолжетімді болады.
Фото: Magnific.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда шетел азаматтарына суррогат ана қызметін пайдалануға заң жүзінде тыйым салынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойды, деп жазады stan.kz.
Енді Қазақстанда суррогат ана қызметі тек Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын ерлі-зайыптыларға ғана қолжетімді болады. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске енгізілген тиісті түзетулерге президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Жаңа заң суррогат ана қызметіне жүгінетін азаматтарға қойылатын талаптарды айтарлықтай күшейтеді. Енді келісімшарт жасасу үшін болашақ ата-аналар өздерінің дене және психикалық саулығын растайтын медициналық-генетикалық қорытынды ұсынуға міндетті. Сонымен қатар құжат ерлі-зайыптылардың қаржылық міндеттемелерін нақтылайды.
Тапсырыс берушілер суррогат ананың медициналық тексеруінен өтуіне, экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) рәсіміне, жүктілікті жүргізуге, босандыруға және босанғаннан кейінгі кезеңге кететін барлық шығынды толық өтеуге міндетті. Босанғаннан кейінгі күтім мерзімі қалыпты жағдайда – 56 күн, ал медициналық асқынулар туындаған жағдайда – 70 күнді құрайды.


