Бүгінде елімізде 16 креативті орталық жұмыс істеп жатыр.
Қазақстанда өндіріс пен кәсіпкерліктен бөлек, шығармашылық индустрияны дамытуға да ерекше көңіл бөлініп, соңғы жылдары серпінді өзгерістер орын ала бастады. Тиісінше, жас ақын-жазушылар, музыканттар, дизайнерлер, режиссерлер мен қолөнершілер үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болып жатыр.
Отандық мәдениетті дамыту саласындағы басым бағыттардың бірі – жас дарындарға қолдау көрсету. Өйткені қай ұлт болмасын, оның келешегі жас дарындардың шығармашылығына тікелей байланысты. Осы орайда елімізде мемлекет қолдауымен түрлі фестивальдер, байқаулар мен гранттық жобалар қолға алынған.
Мысалы, жастардың ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар және басқа да салалардағы бастамаларын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы бар. Бағдарлама шеңберінде жыл сайын ондаған грант тағайындалады. Сонымен қатар, мәдениет саласындағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында мәдениет мекемелері бой көтеріп келеді.
Сондай-ақ, биыл ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті индустрияларға мемлекеттік қолдау көрсету қағидаларын бекітті. Құжатқа сәйкес, шығармашылық жобаларға қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, креативті жобаларды грант арқылы қаржыландыру, пилоттық бастамаларды іске асыру, жеке инвесторлар арқылы қаржыландыру, стартаптарға қолдау көрсету тетіктері енгізілді. Бұдан бөлек, шығармашыл жандар бағдарламаларға, тәлімгерлікке, халықаралық тағлымдамаларға, фестивальдер мен көрмелерге қатысу мүмкіндігіне ие болады. Цифрлық платформалар арқылы жобаларды жандандыру, маркетингтік, заңдық және әдістемелік сүйемелдеу қарастырылған.
Тағы бір айта кетерлігі – бүгінде елімізде 16 креативті орталық жұмыс істеп жатыр. Шығармашылық жобаларды дамытуға арналған білім беру бағдарламалары, акселераторлар және халықаралық тағлымдамалар да іске асырылу үстінде.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, елімізде креативті экономика субъектілерінің саны 17 пайызға көбейген. Бұл шығармашылық саласындағы кәсіпкерлердің қызметін кеңейтуге және жаңа жобалардың көбеюіне ықпал етіп келеді.
Қорыта айтсақ, мемлекет билігі ұзақ мерзімді жоспар арқылы креативті экономиканың ел дамуына қосатын үлесін молайтуды көздеп отыр. Мемлекеттік деңгейде қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, креативті индустрияның ел экономикасындағы үлесін 5 пайызға, ал осы салада жұмыспен қамтылғандар үлесін 4 пайызға дейін жеткізу мақсат болып бекітілген. Бұл отандық мәденттің ұлттық құндылықтарды сақтауға ғана емес, экономиканы өркендетуге де қызмет ететін саланың біріне айналып келе жатқанын аңғартады.
Б.Мейірханұлы,


