Қазақстанда тағы бір тіл ресми түрде танылуы мүмкін

0
87

Бастаманы депутат Нұргүл Тау ұсынды.


Қазақстанда тағы бір тіл ресми түрде танылуы мүмкін

Фото: depositphotos.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда ым тілінің мәртебесі заң жүзінде бекітілуі мүмкін. Мәжілістің жұмыс тобы тиісті түзетулерді мақұлдады, - деп жазады tengrinews.kz.

Ым тіліне ресми мәртебе беру туралы бастама Мәжілісте есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарды қолдауға қатысты заң жобасын талқылау аясында қаралып жатыр.

Депутаттар мәліметінше, бүгінде Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан аса адам тұрады, оның 5 мыңға жуығы - балалар. Олардың көбісі үшін ым тілі - қарым-қатынас жасаудың жалғыз толыққанды тәсілі. Алайда ол әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде бекітілмеген.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың айтуынша, депутаттар ұсынған түзетулер үкімет тарапынан қолдау тапқан, ал Мәжілістің жұмыс тобы бұл бастамаға бірауыздан дауыс берді.

"Құрғақ сандардың артында әрқашан шынайы тағдырлар тұрады. Адам ауруханада өз жағдайын түсіндіре алмайды. Қызмет ала алмайды. Мұңын тыңдата алмайды. Әрине, бұл ғана емес. Бірақ ым тілі ресми мәртебеге ие болатын бұл сәт - өте маңызды қадам", - деді Смолякова.

Оның сөзінше, бұл тек тілді рәміздік тұрғыда тану емес, білім алу, медицина, мемлекеттік қызметтер, сот төрелігі және ақпаратқа қол жеткізу сияқты іргелі құқықтарды қамтамасыз ету мәселесі.

Бастаманы депутат Нұргүл Тау ұсынды. Бұл тақырып Қазақ саңыраулар қоғамының өтінішінен кейін көтерілді. Қоғам өкілдері сурдоаударманың тапшылығы, бейімделген контенттің жоқтығы және есту қабілеті бұзылған жандардың күнделікті өмірде кездесетін басқа да мәселелері туралы айтты.

Мән-жайы

Бұған дейін депутат Екатерина Смолякова премьер-министр Олжас Бектеновке ым тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заңнамалық тұрғыда тану туралы ұсыныс тастаған болатын. Сонымен қатар, ол депутаттық сауалында сурдоаударма қызметіне қойылған шектеу мәселесін де көтерді: қазіргі уақытта есту қабілеті бұзылған жандарға жылына 60 сағат қана сурдоаударма беріледі. Депутаттың айтуынша, бұл тіпті қалыпты өмір сүруге - ауруханаға баруға, мемлекеттік қызмет алуға, оқуға, жұмыс істеуге және қоғамдық өмірге араласуға жеткіліксіз.