Қазақстанда тегін оқытып, жұмысқа орналастыратын жаңа жоба іске қосылды

0
670

​Онлайн мектепке қабылдану үш сатылы іріктеуден тұрады: өтінім беру, тест тапсыру, әңгімелесуден өту және питчинг.


Қазақстанда тегін оқытып, жұмысқа орналастыратын жаңа жоба іске қосылды

ERNUR.KZ. Қазақстанда "Lider Z онлайн мектебі" жобасы қолға алынды. Соның аясында мүгедек адамдар арнайы оқудан тегін өтіп, лайықты жалақысы бар жұмысқа тұра алады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Қазіргі кезде онлайн мектепте Қазақстанның түкпір-түкпірінен 37 адам білім алып жатыр. Ал оларды оқытудың кәсіптік бағыттары кездейсоқ таңдалған жоқ. Сол мамандықтар еңбек нарығында сұранысқа ие және лайықты жалақы алуға болады. Мәселен, графикалық дизайн, SMM, типография сияқты бағыттар бар. Бүгінде мүгедектердің дәл осы салаларда біліктілігі төмен.

Ресми мәліметке сәйкес, елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны 600 мыңнан асады. Олардың өте аз бөлігі ғана жұмыс істейді. "IteachMe" біліктілікті дамыту орталығы жүргізген зерттеуге сәйкес, мүгедектердің цифрлық технологиялар саласында жеткілікті білімі жоқ. Бұның барлығы қосымша білім алуға теріс әсер етеді және жұмысқа орналасу мүмкіндігін төмендетеді.

"Біз мүгедектігі бар әрбір адамның білім алу қажеттіліктерін ескере отырып, олардың білім алуы үшін жағдай жасаймыз. Бұл білім беру үдерісіндегі мүмкіндіктерді теңестіруге және білім алушылардың толық қамтылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сапалы білім мен лайықты жұмыспен қамту арасында тікелей байланыс бар деп есептейміз", – дейді "Lider Z онлайн мектебі" жобасының жетекшісі Захира Бегалиева.

Онлайн мектепте білім алу үшін үш сатылы іріктеуден өту қажет. Олар: өтінім беру, тест тапсыру, әңгімелесуден өту және питчинг.

Осылайша, ең ынталы қыз-жігіттер мектепке қабылданады және мұнда жас жағынан шектеу жоқ.


Жұмысқа қалай орналасуға болады

Оқуды аяқтағаннан кейін түлектер Қазақстанның жетекші компанияларына барып, тағылымдамадан өте алады. Одан кейін өздері үшін сапалы портфолио жасап, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Ол үшін ұлттық және жергілікті IT-компаниялармен, соның ішінде "Зерде" ұлттық инфокоммуникациялар холдингі, Astana hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Соның аясында тағылымдамалар ұйымдастыру мен жұмысқа орналастыру шаралары қарастырылған.

15 қарашада жоспар бойынша оқытудың екінші легі басталады. Онда қазақ тілді студенттер оқитын болады. Оқыту онлайн режимде өтеді.

Айта кетейік, жоба "Ерекше таңдау–Шелек" корпоративтік қоры мен "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен қолға алынды.