Қазіргі кезде 15 мың пациент алмастырғыш терапияны қажет етеді.
фото: Unsplash / Melany @ tuinfosalud.com
ERNUR.KZ. Алматы қаласында үш ауруға қарсы инновациялық препараттың өндірісі қолға алынды, деп жазады sputnik.kz.
Жаңа дәріні "Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы" компаниясы шығара бастады. Инновациялық препарат созылмалы бүйрек ауруын, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі мен 2 типтегі қант диабетін емдеуге арналған.
Қазақстанның штаттан тыс бас эндокринологы Лаура Даньярованың айтуынша, осы санаттағы препараттар 2018 жылдан бастап амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесіне енгізіліп, пациенттерге тегін беріледі.
"Қазіргі уақытта амбулаториялық ем қабылдайтын пациенттердің шамамен төрттен бірі осындай препараттарды пайдаланады. Қазақстанда осы топтағы үш препарат тіркелген, енді солардың бір молекуласы елімізде өндіріледі. Бұл қант диабетінің асқынуларымен күресте және тиімді ем жүргізуде қосымша мүмкіндік беретініне сенемін", – дейді Даньярова.
Созылмалы бүйрек ауруы бар қазақстандықтар да аз емес. Қазіргі кезде 15 мың пациент алмастырғыш терапияны қажет етеді.
"Бұл пациенттердің қатарында жастар да аз емес, ал терминалды сатыдағылардың 35-40%-ы жасанды бүйрек аппаратына тәуелді. Олардың басым бөлігі артериялық гипертензиямен және қант диабетімен ауырады. Енді біздің Қазақстанда кең көлемді зерттеулерден өткен, тиімділігі дәлелденген, сенімді әрі жергілікті өндірілген препаратты қолдануға мүмкіндік туды", – деді профессор Салтанат Туғанбекова.
Айта кетері, "АстраЗенека" компаниясы бұл жобаға 5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып отыр. Ал 2030 жылға дейін инвестиция көлемі 40 млн долларға жетеді деген жоспар бар.