Комитет өзіндік үлгідегі дипломдардың сериясы, нөмірі және QR коды болатынына түлектер мен жұмыс берушілердің назар аударуларын сұрайды.
ERNUR.KZ. Қазақстандық үш жоғары оқу орнының енді диплом беруге құқығы жоқ. Ендігі кезекте олардың білім беру қызметіне аккредитациясы жоқ, деп жазады baq.kz.
"Орталық Азия университеті, «Астана» университеті және Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінің аккредитациялары кері қайтарылды. Себебі бұл жоғары оқу орындары білім беру сапасының аккредиттеу стандарттарын сақтамаған. Осыған байланысты Тәуелсіз қазақстандық аккредиттеу орталығы мен Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі аталған жоғары оқу орындарының аккредитациясын қайтарып алды. Енді бұл университеттер жоғары білім туралы құжаттарды бере алмайды, сонымен қатар студенттерді де қабылдауға құқығы жоқ", – делінген хабарламада."Астана» университеті мен Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінде бұдан бұрын да аккредитациялау барысында қиындықтар болған.
"Біз осы университеттермен соттасып жүргенімізге бір жылдан асты. Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты қазір оларды бас лицензиядан айыру шаралары қабылданып жатыр. Соңғы үшінші тексеру қалды. Осы жоғары оқу орындарының студенттері, ата-аналар мен оқытушыларынан шағымдар түскенін айта кеткен жөн. Олар білім сапасының жоқтығы, оқытушылар мен ғылыми жетекшілердің жетіспеушілігі, сондай-ақ дипломның уақытылы берілмеуіне шағымданды. Енді диплом алу үшін студенттер басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады. Ол үшін біз ЖОО қызметінің үлгілік қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Талапкерлер бұл оқу орындарына грантқа түсе алмайды, ал түлектер диплом ала алмайды. Мұндай жағдайда студенттер тек басқа университеттерге ауысу арқылы ғана тығырықтан шыға алады. Аталған жоғары оқу орындарындағы білім алушылардың саны осы уақыт ішінде айтарлықтай төмендеді. Ұлттық білім беру деректер қорының ақпаратына сәйкес, Орталық Азия университетіндегі биылғы оқу жылындағы студенттердің саны 3070-тен 636-ға дейін, «Астана» университетінде – 1162-ден 480-ге дейін, Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінде – 1207-ден 398-ге дейін азайған", – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.Комитет өзіндік үлгідегі дипломдардың сериясы, нөмірі және QR коды болатынына түлектер мен жұмыс берушілердің назар аударуларын сұрайды.