Қазақстанда зейнетақы жинағын алушыларға жаңа қызмет іске қосылды

0
593

​Енді ерікті зейнетақы жарналарын алғысы келетіндер өтінішті үйден шықпай-ақ бере алады.


Қазақстанда зейнетақы жинағын алушыларға жаңа қызмет іске қосылды

Салымшылар зейнетақы қорында кемінде бес жыл жатқан ерікті зейнетақы жарналарынан төлем алу үшін enpf.kz сайты арқылы өтініш бере алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онлайн қызмет салымшылардың уақытын үнемдеу және оларға ыңғайлы болу үшін іске қосылды.

Енді шотында кемінде бес жыл жатқан ерікті зейнетақы жарнасы бар қазақстандықтар БЖЗҚ корпоративтік сайтындағы жеке кабинет арқылы зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтініш бере алады.

Төлем кімге беріледі:

  • міндетті зейнетақы жарнасы және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы есебінен: мерзімсіз 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға;

ЕЗЖ есебінен:

  • 50 жасқа толған адамдар;
  • мүгедектігі бар тұлғалар
  • БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарнасы мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомасы шегінде кемінде 5 жыл зейнетақы жинағы бар адамдар.

Өтініш беру үшін салымшының электронды цифрлық қолтаңбасы болуы керек.

enpf.kz сайтындағы "Электронды қызметтер" бөліміндегі "Менің төлемдер / аударымдар бойынша өтініштерім" қызметін пайдалана отырып, өтініштің орындалу статусын бақылауға болады.

2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 2,8 мыңға жуық салымшы БЖЗҚ кеңселеріне барып өтініш беру арқылы ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемін алу құқығын пайдаланды.

Ерікті зейнетақы жарнасы – салымшының өз еркімен зейнетақы қорына аударатын ақшасы.

Айта кетері, 2021 жылдың 1 мамырынан ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін шоттар автоматты түрде ашылады. Жеке зейнетақы шоттарын ашуға БЖЗҚ-ға түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы негіз болады. Яғни салымшыға кеңсеге барудың қажеті жоқ.

ЕЗЖ-ны жеке тұлға өзі үшін, жеке немесе заңды тұлғалар басқа біреу үшін аудара алады. Бұл ретте жарна мөлшері мен мерзімділігін салымшы өзі айқындайды.