Қазақстанда «жалған психологтарға» тосқауыл қойылады: Сенат заңды мақұлдады

0
225

Жаңа заң психологиялық көмек көрсету тәртібін реттеп, мамандарға қойылатын талаптарды күшейтуді көздейді.


Қазақстанда «жалған психологтарға» тосқауыл қойылады: Сенат заңды мақұлдады

Фото: BAQ.kz

ERNUR.KZ. Сенат депутаттары «Психологиялық қызмет туралы» заңды мақұлдады, деп жазады BAQ.KZ.

Сенат депутаты Әсем Рахметова Мемлекет басшысы қоғамда «жалған психологтар» мен «коучтардың» көбейгеніне назар аударып, оларға қарсы күресті күшейтуді тапсырғанын атап өтті.

“ Бүгінде қоғам өмірінің барлық саласында психологиялық қолдаудың маңызы артып келеді. Азаматтардың эмоциялық әл-ауқатын сақтау, отбасы институтын нығайту, балалар мен жастардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек ұжымдарында қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру кәсіби деңгейдегі сапалы психологиялық көмекті талап етеді. Заң психологиялық қызмет көрсету саласында бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруға және азаматтарды сапалы психологиялық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған “, – деді Әсем Рахметова.

Оның айтуынша, құжат психологтердің кәсіби даярлығына қойылатын талаптарды күшейтуді көздейді. Атап айтқанда, мамандардың даярлық деңгейіне, кәсіби құзыреттері мен біліктілігіне нақты талаптар белгілейтін кәсіби стандарт енгізіледі. Сонымен қатар психологтердің кәсіби жауапкершілігі мен құпиялылық қағидаларын сақтауды қамтамасыз ететін Кәсіби әдеп кодексі бекітіледі.

Психологиялық көмектің сапасын арттыру мақсатында ғылыми негізделген жұмыс әдістерін қолдану талабы енгізіледі. Сондай-ақ мамандардың кәсіби дамуын қолдауға бағытталған супервизия институты қарастырылған. Заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – психологтерді сертификаттау институтының енгізілуі. Сертификаттау маманның кәсіби даярлығы мен біліктілігінің белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.

“ Сондай-ақ психологтердің мемлекеттік тізілімі жүргізіледі. Осы тізілімге енгізілген психологтер өздерінің кәсіби қызметінің сапасына жауапты болады. Бұл тетіктерді енгізу үшін елімізде қажетті кадрлық және институционалдық база қалыптасқан. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, психологтерді 43 жоғары оқу орны даярлайды. Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шамамен 17 мың студент білім алуда, ал жыл сайын төрт мыңға жуық маман оқуын тәмамдайды “, – деді депутат.

Сонымен қатар оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Тек өткен жылдың өзінде бұл орталықтар 50 мыңға жуық психологиялық кеңес берген.