Қазақстанда жаңа төлем әдісі енгізіледі

0
161

Жоба Ұлттық банк, банктер, криптобиржалар және финтех-компаниялар өкілдерінің кездесуінде таныстырылды.


Қазақстанда жаңа төлем әдісі енгізіледі

Bhubeth_Bhajanavorakul/Depositphotos.com

ERNUR.KZ. Қазақстан Ұлттық банкі криптокарталар жобасын және цифрлық активтер саласындағы пилоттық жобаларды іске қосуды бастады, деп жазады tengrinews.kz.

Осылайша, Ұлттық банк криптокарта жобасын – "Астана" халықаралық қаржы орталығының лицензияланған криптовалюта биржаларында әмиянында сақталған криптовалютамен төлеуге болатын төлем карталарын іске асыруды бастады.

"Бұл шешім цифрлық активтердің айналымын қолданыстағы төлем инфрақұрылымына қауіпсіз әрі ыңғайлы енгізуге мүмкіндік береді", – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Жоба Ұлттық банк, банктер, криптобиржалар және финтех-компаниялар өкілдерінің кездесуінде таныстырылды.

"Кездесу барысында цифрлық активтерді елдің қаржы жүйесіне интеграциялау және тиісті реттеуді одан әрі дамыту мәселелері қаралды", – делінген ақпаратта.

Криптокартаның жұмыс механизмі – төлем жасау сәтінде АХҚО криптобиржаларында криптоактивтер автоматты түрде сатылады және сол сома банк картасына ақша түрінде түседі.
"Есеп айырысу жеделдігі банк пен АХҚО криптопровайдері арасындағы криптофиат интеграция арқылы қамтамасыз етіледі", – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Цифрлық активтер саласындағы пилоттық жобалар

Биыл Ұлттық банктің үйлестіруімен нарық қатысушылары цифрлық активтер саласында бірнеше пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, оның ішінде:

  • ұлттық валюта (оның ішінде цифрлық теңге) қамтамасыз еткен стейблкоиндарды шығару және олармен есеп айырысу;
  • қаржы активтерін, жылжымайтын мүлікті токенизациялау және бағалы қағаздарға теңестірілген токендерді шығару;
  • цифрлық қаржы активтері бойынша базалық қамтамасыз етуді есепке алу және сақтау жүйелерін ұйымдастыру;
  • криптоактивтермен айырбас операциялары мен сақтау бойынша сервистерді ұйымдастыру;
  • басқа да инновациялық қаржылық сервистер.
"Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Ұлттық банк қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын кеңейту және цифрлық қаржы (қамтамасыз етілген) активтері үшін реттеуші база құру бойынша заңнамалық түзетулер жобасын әзірледі", – делінген Ұлттық банк таратқан ақпаратта.