Осы жылы 33 мыңнан астам қазақстандық жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алуға алғаш рет өтініш жазды.
ERNUR.KZ. Қазақстанда биыл 55,7 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы рәсімдеген. Олардың ішінде 33,3 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды, деп жазады sputnik.kz.
Заңға сәйкес, Қазақстанда жұмысынан айырылған адамдарға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем төленеді.
Жәрдемақы мөлшері жоғалған кірістің 40%-інен аспайды.
Төлем алу үшін жұмыстан босатылған жұмыскер мына қадамдарды орындауы шарт:
- eGov.kz порталына тіркелу;
- "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінім жіберу;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі. Қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін ХЖҚО қызметкері хабарласады.
Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азаматтың телефонына төлем алуға келісіп-келіспейтіні туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Келіскен жағдайда SMS-ке жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.