ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік-еңбек саласындағы цифрлық мемлекеттік қызметтерді жүйелі түрде дамытып келеді.
ERNUR.KZ. Қазіргі уақытта 49 қызметтің 45-і электронды форматта ұсынылады, олардың 28-і –проактивті. 2026 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 1,4 млн қызмет көрсетілді, оның ішінде 41%-ы (564,6 мың) электронды түрде және 35%-ы проактивті форматта. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, цифрлық және проактивті қызметтердің үлесі тұрақты өсім көрсетуде, бұл азаматтарға қызмет көрсетудің неғұрлым ыңғайлы және клиентке бағдарланған моделіне көшу жүріп жатқанын білдіреді.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында министрлік мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллект технологияларын енгізуде. Бірінші кезеңде қызметтер электронды форматқа көшірілді, кейін мобильді қосымшаларға енгізілді, одан соң проактивті қызмет көрсету мен төлемдерді автоматты түрде тағайындау іске асырылды.
«Биыл біз барлық мемлекеттік қызметтерде жасанды интеллект технологияларын қолдануды мақсат етіп отырмыз. Бұл қызмет көрсетудің толықтай проактивті және интеллектуалды моделіне көшуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект технологияларын енгізу аясында мемлекеттік қызметтер кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр», – деді Бахтияр Жазықпаев.
Спикердің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, жұмыс іздеуші және жұмыссыз тұлғаларды тіркеу, сондай-ақ мүгедектікті белгілеу қызметтері қамтамасыз етілді. 2026 жылы ЖИ қолдану аясын кеңейту жоспарлануда, оның ішінде зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, қандас мәртебесін беру және жұмыспен қамту шараларына жолдау қызметтері бар. Сонымен қатар вице-министр атап өткендей, ЖИ көмегімен қалыптастырылған шешімдер ұсыныс ретінде болады және тек қабылданатын шешімдердің сапасы мен объективтілігін арттыру үшін қолданылады.
«Әлеуметтік-еңбек саласында жасанды интеллектіні қолдана отырып бірқатар жоба іске асырылуда. Жұмыспен қамту бағытында азаматтарға ең қолайлы жұмысқа орналастыру бағдарламаларын (жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын) автоматты түрде ұсынуға мүмкіндік беретін дербестендірілген іріктеу жүйесін енгізу пысықталуда. Кәсіпорындардағы жағдайды болжау үшін еңбек тәуекелдерінің картасы дамытылуда. Сондай-ақ әлеуметтік көмек алушылардың құжаттарын тексеру үшін компьютерлік көру технологиясы енгізілуде», – деді Б. Жазықпаев.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралар деректерге негізделген шешімдер қабылдауға көшуге, олардың дәлдігін арттыруға және адами фактордың әсерін азайтуға мүмкіндік береді.


