Қазақстандағы алғашқы Шахмат үйі Көкшетауда ашылды

0
261

Бұл – шахмат шеберлігін оқыту мен дамытуға арналған бірегей орталық.


Қазақстандағы алғашқы Шахмат үйі Көкшетауда ашылды

ERNUR.KZ. Көкшетауда елдегі алғашқы Шахмат үйінің салтанатты ашылуы өтті, деп жазады baq.kz.

Бұл – шахмат шеберлігін оқыту мен дамытуға арналған бірегей орталық. Ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов, сондай-ақ жас чемпиондар – 2023 жылғы әлем чемпионы (10 жасқа дейінгі) Данис Куандықұлы және Азия чемпионаттарының жүлдегері Жансая Шолпанбек қатысты.

Шахмат үйінің ашылуы – біздің облыс үшін маңызды оқиға. Бұл орталық шахматшылардың жаттығу орны ғана емес, интеллектуалдық ойында табысқа ұмтылатын жастардың басын қосатын орынға айналады. Жобаның жүзеге асырылуы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында орындалды, – деді өз сөзінде Марат Ахметжанов.

Тимур Турлов бұл бастаманың Қазақстанда шахмат қозғалысын дамыту үшін маңыздылығын атап өтті.

Шахмат үйі жаңа чемпиондарды дайындау, жастар арасында шахматты насихаттау және ойыншылардың шеберлігін жетілдіру үшін басты алаңға айналады, – деді Т. Турлов.

Жобаны Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) Freedom Broker компаниясының қолдауымен жүзеге асырды. Шахмат үйі заманауи ойын залдарымен жабдықталған, олар оқыту, жаттығу және жарыстар өткізу үшін жайлы жағдай жасайды. Орталық сонымен қатар оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға, шахматшыларды ірі турнирлерге дайындауға және олардың кәсіби деңгейін арттыруға пайдаланылады.

Айрықша көңіл танымал гроссмейстерлердің шеберлік сабақтарын өткізуге арналған жағдай жасауға бөлінген. Орталық әртүрлі деңгейдегі шахматшылар арасында тәжірибе алмасу алаңына айналады.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында 13 450 адам шахматпен шұғылданады, олармен 248 жаттықтырушы жұмыс істейді. Облыста 5 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бар, онда 138 жас шахматшы жаттықтырушылардың басшылығымен шеберлігін шыңдайды. Сонымен қатар, облыста 395 мектеп шахмат секциясы жұмыс істейді, онда 7 мыңнан астам оқушы білім алуда. 38 мектепте вариативті компонент аясында «Шахмат негіздері» курстары ашылған.

Аймақта жарыстар өткізу үшін 11 бірінші санатты төреші, бір халықаралық санаттағы төреші және ФИДЕ арбитрі сияқты білікті төрешілер құрамы бар.
Көкшетаудағы Шахмат үйінің ашылуы Қазақстанда шахмат қозғалысын дамытудың маңызды кезеңіне айналды және шахматшыларға өсу мен жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін жаңа мүмкіндіктер беруде.