Жерар Депардье жыныстық зорлық-зомбылық бойынша кінәсін мойындады

0
95

2025 жылдың мамырында актер 2021 жылы "Жасыл қақпақтар" (Зеленые ставни) фильмінің түсірілімі кезінде екі қызметкерге тиіскені үшін 18 айға шартты түрде сотталған болатын.


Жерар Депардье жыныстық зорлық-зомбылық бойынша кінәсін мойындады

Фото:depositphotos.com/ tanka_v

ERNUR.KZ. Француз актері Жерар Депардье түсірілім алаңында екі әйелге сексуалдық зорлық-зомбылық көрсетті деген айып бойынша шыққан үкімге қатысты апелляциялық шағымын қайтарып алатынын және 18 айлық шартты жазаны қабылдайтынын мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.

Депардье қудалау ісі бойынша үкімді қабылдайтынын және апелляцияны қайтарып алатынын айтты, сондай-ақ ол жәбірленушілерден кешірім сұрады.

"Мен кінәлі деп танылдым. Сондықтан зардап шеккендерден шын жүректен өкінішпен кешірім сұраймын", - делінген Депардьенің жазбаша мәлімдемесінде.

2025 жылдың мамырында актер 2021 жылы "Жасыл қақпақтар" (Зеленые ставни) фильмінің түсірілімі кезінде екі қызметкерге тиіскені үшін 18 айға шартты түрде сотталған болатын.

Сот 77 жастағы актерге екі айыптаушыға да өтемақы төлеуді міндеттеді және оның есімін сексуалдық қылмыс жасаған адамдардың ұлттық дерекқорына енгізді. Өз үндеуінде ол түсірілім алаңындағы мінез-құлқынан қателік кеткенін мойындады:

"Түсірілім алаңдарында ұзақ уақыт бойы арандатушылық пен дөрекі әзілдердің тасасында қалып келдім. Сөздерім мен кейбір әрекеттерімнің ешқандай салдары болмайды деп ойладым. Бірақ, әсіресе кезінде мен сияқты билікке ие болған адамнан шыққан соң, оның салдары болды", - деді ол.

Актердің айтуынша, ол "енді жоқ әлемге тиесілі екенін түсінген".

2025 жылғы сот процесінде Депардье өз әрекеттерінің сексуалдық сипатын жоққа шығарды, алайда әдепсіз сөздер айтқанын және жанжал кезінде декораторды жамбасынан ұстағанын мойындады.

Енді жаңа сот талқылауы күтіледі: бұл жолы актриса Шарлотта Арнольдты зорлады деген айып бойынша іс қаралмақ. Тергеу судьясы 2025 жылдың тамызында істі сотқа өткізуді талап етті. Келесі аптада Париждің апелляциялық соты бұл істің қаралатын-қаралмайтынын шешеді.

Euronews мәліметінше, 20-ға жуық әйел Депардьені орынсыз мінез-құлқы үшін көпшілік алдында немесе ресми шағымдар арқылы айыптаған. Алайда тек сексуалдық зорлық-зомбылық туралы іс қана сотқа жетті. Басқа бірқатар айыптау дәлелдемелердің жеткіліксіздігінен немесе ескіру мерзімінің өтіп кетуіне байланысты тоқтатылды.

Депардье - кейінгі онжылдықтардағы француз киносының негізгі тұлғаларының бірі. Оның әйелдерге қатысты мінез-құлқы 2018 жылы Солтүстік Кореяға сапары кезіндегі әдепсіз сөздері мен қимылдары көрсетілген деректі фильм шыққаннан кейін қайтадан назарға ілікті.